Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстан Сербиямен сауда-экономикалық байланыстарды күшейтпек

АСТАНА. KAZINFORM — Белградта сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру жөнінде келіссөздер өтті, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Қазақстан Сербиямен сауда-экономикалық байланыстарды күшейтпек
Фото: ҚР СІМ

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Сербия басшылығымен келіссөздер жүргізіп, Белградқа жұмыс сапарымен барды.

Кездесулер барысында Сербия Премьер-министрінің орынбасары — Ішкі істер министрі Ивица Дачичпен, Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Дамьян Йовичпен, Ішкі және сыртқы сауда министрі Ягода Лазаревичпен, Халықаралық экономикалық ынтымақтастық мәселелері жөніндегі министр Ненад Поповичпен екіжақты саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

Тараптар сондай-ақ Мемлекет басшысының 2024 жылы Сербияға жасаған ресми сапарының және Сербия Президенті Александр Вучичтің 2026 жылғы ақпанда Астанаға сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру барысын қарастырды.

Қазақстан Сербиямен сауда-экономикалық байланыстарды күшейтпек
Фото: ҚР СІМ

Ядролық өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, білім беру, ғарыш және цифрлық технологиялар, сондай-ақ жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары атап өтілді.

— Сапар аясында Сербия Сауда-өнеркәсіп палатасының және Қазақ-серб іскерлік кеңесінің өкілдерімен кездесулер өткізіліп, іскерлік байланыстарды кеңейту және өзара тиімді жобаларды ілгерілету перспективалары талқыланды. Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар, ең алдымен, сауда-экономикалық салада қазақ-серб әріптестігін одан әрі нығайтуға мүдделі екендерін растады, — делінген хабарламада.

Бұған дейін Сербия Президенті Александр Вучичтің ақпан айында Қазақстанға сапары аясындағы келіссөздер барысында 10-ға жуық құжатқа қол қойылды. Оның ішінде сауда-экономика, қорғаныс, медицина, цифрландыру, көлік-логистика салаларына қатысты жобалар бар. Kazinform-ның аналиткалық шолушысы осы сапардың нәтижесін талдады.