Қазақстан ШЫҰ елдері арасында мәдениет саласын цифрлық бағытта дамытуды ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM - Қырғыз Республикасының Шолпан-Ата қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің мәдениет министрлерінің кеңесі өтті. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.
Жиынға Қазақстан, Беларусь, Үндістан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстанның мәдениет саласына жауапты ведомстволарының басшылары мен өкілдері қатысты.
Кездесу барысында мәдени байланыстарды нығайту, бірлескен жобаларды жүзеге асыру және ШЫҰ кеңістігіндегі гуманитарлық ықпалдастықтың жаңа бағыттарын дамыту мәселелері талқыланды.
Қазақстан Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәдениетті өркендетуге және ұлттық мұраны дәріптеуге айрықша мән беретінін атап өтті. Сондай-ақ елімізде мәдени инфрақұрылымды жаңғырту, шығармашылық ұжымдарға жан-жақты қолдау көрсету және ұлттық өнерді халықаралық деңгейде кеңінен таныту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.
Қазақстан музей қорларын цифрландыру бағытындағы тәжірибесін де таныстырды. Осы ретте ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ортақ цифрлық каталогтарын қалыптастыру, виртуал көрмелер ұйымдастыру және онлайн архивтерді дамыту жөнінде бастама көтерілді.
Кеңесте кинематография саласындағы ынтымақтастық мәселелері де назардан тыс қалмады.
Қырғызстанда өтіп жатқан ШЫҰ халықаралық кинофестивалінде Қазақстан қырғыз жазушысы Тәліп Ибраимовтың шығармасы желісімен түсірілген «Күзгі самал» драмалық көркем фильмін ұсынды.