16:40, 22 Сәуір 2014 | GMT +5
Қазақстан ШОБ-тың дамуына Азия даму банкінен 22,5 млрд. теңге көлемінде қаржы алады - Е.Досаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан шағын және орта бизнесті қолдауға Азия даму банкінен 22,5 млрд. теңге көлемінде қаржы алады.
Бұл туралы бүгін ОҚК-де өткен брифингте ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев мәлім етті.
«Бүгін ҚР Үкіметінің қаулысымен шағын және орта бизнесті дамытуға 22,5 млрд. теңге көлемінде екінші транш бөлуге мемлекеттік кепілдік беру бойынша тетіктер қабылданды. Бұл қаражаттар теңгемен орналастырылады. Бүгін біз ҚР Ұлттық банкімен бірге облигацияларды немесе валюталық свопты орналастыру бойынша келіссөздер жүргізудеміз», - деді ол.
Оның айтуынша, Азия даму банкінің Астанада кезекті отырысынан кейін оның Қазақстандағы инвестициялық белсенділігі артып, іске асырылатын жобаларға қолдау көрсетуді ұлғайтады.
Еске сала кетейік, Азия даму банкінің отырысы Астанада 2-5 мамыр аралығында өтеді.