Қазақстан-Сингапур ынтымақтастығы: Экономикалық ғажайып үшін не кедергі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сингапур – Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ең мықты дамыған қала-мемлекет. Небәрі жарты ғасырдан астам уақыт ішінде ең кедей елден әлемдегі ең бай мемлекеттің біріне айналды. Бүгінде Сингапур әлемдік саудада жетекші жиырма елдің қатарында, ал тауарлар мен қызметтердің экспорты мен импортының көлемі елдің ЖІӨ-нен 3 есе жоғары. Осыдан-ақ, ел экономикасының қаншалықты деңгейде дамығанын бағамдай беріңіз. Мамандар мұның бәрі тәртіп, айыппұл, сыбайлас жемқорлықпен тиімді күрес, сондай-ақ білім саласындағы реформалардың арқасы екенін айтады. Десе де, мемлекеттің небәрі жарты ғасырдан астам уақытта алпауыт елдердің қатарына қосылуы үшін бұл факторлар аздық ететініне қарамастан, Сингапур тәжірибесіндегі басым бағыттар – осы. Сондықтан да осы «үшіншіден біріншіге секірген» осынау ғажайып елдің жүріп өткен жолы Қазақстан үшін де қызықты.ҚазАқпараттың кезекті сараптамасында Сингапурдің қысқа уақытта әлемдегі жетекші мемлекеттің біріне айналуы, сыбайлас жемқорлықпен күрес, «айыппұлдар қаласы» деп атану себептері, білім саласындағы реформалары, Қазақстан мен Сингапур арасындағы қарым-қатынас, ынтымақтастық орнаған салалар, қос мемлекет арасындағы ұқсастық пен айырмашылық, сондай-ақ Сингапур президентінің елімізге жасаған тарихи сапары, Қазақстан-Сингапур форумы жайлы сөз етпекпіз.

Қазақстан-Сингапур ынтымақтастығы: Экономикалық ғажайып үшін не кедергі
Photo: Shutterstock/FOTODOM

«Үшінші әлемнен бірінші әлемге» айналған Сингапур

Сингапур - әлемдегі ең кішкентай елдердің бірі, оның ауданы небәрі 710,2 шаршы шақырым. ХХ ғасырдың ортасына дейін ағылшын отары болған Сингапур, 1951 жылы Британ империясының құрамында өзін-өзі басқаратын мемлекет мәртебесін алды. 1963 жылы Малайзияның құрамына кірді, бірақ 1965 жылы тамызда одан бөлініп, тәуелсіз дамуды таңдады.

Фото: r-express.ru

Сингапур егемендік алған алғашқы жылдары экономикасы өте төмен, табиғи ресурстардың қоры жоқ, «үшінші әлем» елі болды. Тіпті, тұщы судың өзін Малайзиядан импорттауға мәжбүр еді. Халықтың басым бөлігі шалғайда тұратын әрі сауатсыз болатын. Елде жемқорлық, есірткі саудасы және теңіз қарақшылығы артып кеткен.

Мемлекетті модернизациялау 1959 жылы Социал-демократиялық Халықтық әрекет партиясының негізін қалаушы, Лондонда білім алған бұрынғы заңгер, 36 жастағы Ли Куан Ю-дің билікке келуімен басталды. Ол өзін және өз командасын «ағылшын білімі бар буржуазиялық көшбасшылар» деп атады.

Ли Куан Ю 1990 жылға дейін премьер-министр қызметін атқарды, бірақ премьер-министр қызметінен кеткеннен кейін де министрлер кабинетін басқаруды жалғастырды, 1990-2004 жылдары аға-министр қызметін, кейін 2015 жылы қайтыс болғанға дейін министр-тәлімгер лауазымында болды.

Ли Куан Ю реформалары елге экономикалық серпіліс жасауға мүмкіндік берді. Бүгінде Сингапур – электроника және фармацевтика сияқты жоғары технологиялық салалардағы әлемдік көшбасшылардың бірі, сондай-ақ ірі қаржы және мұнай өңдеу орталығы да сол елде орналасқан. Сонымен қоса айта кету керек, Сингапур Гонконг, Тайвань және Оңтүстік Кореямен бірге ХХ ғасырдың 60-90 жылдарындағы таңғажайып экономикалық өсімі үшін «Азияның төрт жолбарысы» деген атқа ие болды.

Сингапур әлемдік саудада жетекші жиырма елдің қатарына кіреді, тауарлар мен қызметтердің экспорты мен импортының көлемі елдің ЖІӨ-нен 3 есе жоғары.

Бірқатар қолайсыз факторға қарамастан, сұраныс пен баға өсуінің арқасында 2021 жылы Сингапур экономикасы 2019 жылдың соңынан бері алғаш рет өсім көрсетті. Елдің ЖІӨ 2021 жылы шамамен 391 млрд. АҚШ долларын құраған. Жан басына шаққандағы ЖІӨ (шамамен 72 мың доллар) бойынша әлемдегі жетекші он елдің қатарына кіреді. 2021 жылы ЖІӨ өсімі 7,6%-ды құрады.

Сингапурдің қысқа мерзім ішінде мұндай нәтижеге қалайша тез қол жеткізгені көзі қырақты оқырманды алаңдатары сөзсіз. Сингапурды жаңғырту негізгі төрт бағытта жүзеге асқан. Олар:

- білім беру реформасы;

- өңірге инвесторларды тарту;

- сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес;

- экологиялық жағдайды қалыпқа келтіру.

Білім беру реформасы

Британияның үздік университеттерінде (Лондон экономика мектебі мен Кембридж университеті) білім алған Ли Куан Ю елді жаңғыртуда білімді азаматтарды жинақтаудың маңызды екенін жақсы түсінді. Жергілікті мектептер мен университеттерде ағылшын тілін міндеттеді, бұл Азия мемлекетін Батыс білім беру жүйесіне қосуға мүмкіндік берді. Үкімет азаматтардың шетелде білім алуына қолдау көрсетті. Егер студенттер қайта Сингапургға оралып, Отанының игілігі үшін жұмыс істеуге міндеттелсе, олардың ақысын толығымен төлеп берді. Осындай әдістердің арқасында Сингапур әлемдік Адам дамуының индексінде 11-орынға ие болды.

Фото: t.me/aqorda_resmi

Өңірге инвесторларды тарту

Сингапурда егемендік алған алғашқы жылдары табиғи ресурстардың айтарлықтай қоры да жоқ еді. Біз жоғарыда атап өткендей, ел тіпті өзін ауыз сумен толық қамтамасыз ете алған жоқ. Сондықтан Ли Куан Ю үкіметі ең тиімді инвестор болмаса да, кез келген батыс инвесторларын тарту бағытын ұстанды. Әрбір ірі инвесторға тәулік бойы, мүмкіндігінше қысқа мерзімде мәселелерін шешіп, бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдай жасауға көмектесетін мемлекеттік қызметкер тағайындалды. Мұндай саясаттың басты мақсаты – жергілікті халықтың кедейлігі мен жұмыссыздықты төмендететін жұмыс орындарын құру. Әрбір сингапурлықты лайықты баспанамен қамтамасыз ету мақсатында республика бойынша ауқымды құрылыс жобалары ұйымдастырылды. Жаппай құрылыс та экономикалық ынталандыру аз болған жоқ.

Фото: depositphotos.com

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес

Сингапурды «экономикалық ғажайып» жеткізген ең маңызды факторлардың бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес. Бүгінгі таңда бұл мемлекет сыбайлас жемқорлық деңгейі ең төмен елдердің бестігіне кіреді, сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі бойынша 4-орында. Алайда тәуелсіздік алған тұста Сингапурдағы жемқорлық деңгейі өте жоғары еді.

Ли Куан Ю-дің өзі «сыбайлас жемқорлық – азиялық өмір салты белгілерінің бірі» деп баға береді. Онымен күресу үшін шешім қабылдау рәсімдері жеңілдетілді, екіұдайлы мағына беретін түсіндірулерді алынып тасталды, сөйтіп заңнамаға реформа жасалды.

Сонымен бірге ең маңызды шаралардың бірі судьялар мен шенеуніктердің жалақысын арттыру болды. Қазір судьяның табысы жылына шамамен 1 миллион долларды құрауы мүмкін. Қазіргі кезде Сингапур шенеуніктердің және судьялардың жалақысы ең жоғары елдердің бірі екенін атап өту керек. Сонымен қатар, билікте де сыбайлас жемқорлыққа қарсы қатаң тазартулар жүргізілді, одан тіпті Ли Куан Ю-дің туыстарына да тыс қалмады.

Сингапурдағы негізгі принцип – заңның үстем әрі оның алдында барлығының тең болуы екенін баса айтып өту керек.

Экологиялық жағдайды қалыпқа келтіру

Сингапур Оңтүстік-Шығыс Азияның көптеген артта қалған мемлекеті сияқты, тәуелсіздік алған кезде өте лас ел болды. Елдегі жағдайды жақсарту, сондай-ақ шетелдік инвесторларды тарту мақсатында Ли Куан Ю экологиялық реформаларды қолға алды.

Сингапур Азияның жасыл әрі таза еліне айналды, су ресурстары тазартылды, қайықтар электрлі қайықтарға ауыстырылды және қатаң айыппұл арқылы тазалықты қамтамасыз етті. Мысалы, қоқыс жәшігіне тасталмаған қоқыс үшін айыппұл көлемі 4 мың доллар. Сондай-ақ 1992 жылы сағызды сырттан әкелуге және сатуға заңнамалық деңгейде тыйым салынды, бұл да елдегі тазалық деңгейін арттырды. Елдегі айыппұл деңгейінің жоғары екені соншалық, Сингапур «айыппұлдар қаласы» атанып отыр.

Фото: Shutterstock

Осылайша, жоғарыда аталған іс-шаралардың барлығы Сингапурдің экономикасын өркендетті. Мәселен, 1965 жылы жан басына шаққандағы ЖІӨ 400 доллар болса, 1990 жылы 12,2 мың долларға дейін өсті, ал 1990 жылдан бастап 2000 жылға дейін ЖІӨ өсу динамикасы жылына шамамен 8-9% құрады, мұндай сандар «Сингапурдің экономикалық ғажайыбы» жайлы айтуға мүмкіндік берді.

60 жылға жетер-жетпес уақытта халықтың басым бөлігі жеке баспанамен қамтылды. Статистикалық мәліметтер бойынша тұрғын үй қорының тек 9 пайызы ғана жалға беріледі.

Қолайлы экономикалық ахуал, сыбайлас жемқорлықтың төмен деңгейі, сондай-ақ бейбіт дипломатия осының барлығы Сингапурды инвесторлар үшін тартымды елге айналдырды.

Қазақстан – Сингапурдің Орталық Азиядағы ең ірі серіктесі

Биылғы екі ел қарым-қатынасының 30 жылдығы қарсаңында Қазақстанға Сингапур президенті Халима Якоб мемлекеттік сапармен келген еді. Айта кету керек, ол Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Сингапурдың алғашқы президенті.

Бүгінде Сингапур – Қазақстанның маңызды сауда серіктестерінің бірі. 2022 жылы өзара сауда көлемі 1,9 млрд долларды құрады. Өткен жылы Сингапурдан Қазақстанға бағытталған тікелей инвестициялардың жалпы көлемі 400 млн долларға жеткен. Ал 2005 жылдан бері Қазақстан экономикасына құйылған қаржы – 1,4 млрд долларды құрады. Жалпы елімізде Сингапур компанияларының қатысуымен 144 кәсіпорын жұмыс істеп жатыр.


Сингапур Президентінің Қазақстанға тарихи сапары

Биылғы 22 мамырда Сингапур президенті Халима Якоб мемлекеттік іс-сапармен Қазақстанға келді. Оның сапары екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Қазақстан мен Сингапур арасындағы дипоматиялық қарым-қатынас 1993 жылы 30 наурызында орнаған еді. Үш онжылдық ішінде екі тарап барлық салада байланысты жандандырды. Мұны біз Қазақстан мен Сингапур арасындағы тауар айналымының көлемі, сауда-саттық, импорт пен экспорт, сондай-ақ Қазақстанға құйылған инвестиция көлемінен де байқаймыз. Мәселен, 2022 жылы екіжақты тауар айналымы 1,9 млрд долларды құраған. Ал сингапурлық инвестиция көлемі 400 млн долларды құрап, рекордтық деңгейге жетті. Екі ел президентінің кездесуі барысында екіжақты мәселелер талқыланып, бірқатар құжатқа қол қойылды.

Фото: invest.gov.kz

«Сингапур Президентінің Орталық Азия елдерінің арасында ең әуелі Қазақстанға келуі – біз үшін зор мәртебе. Сіздің Қазақстанға сапарыңыз – тарихи оқиға. Бұл сапар біздің өзара тиімді ынтымақтастығымыздың жаңа кезеңіне жол ашатынына сенімдімін. Қазақстан Сингапурмен арадағы қарым-қатынасты одан әрі нығайта түсуге ниетті», – деді Тоқаев кездесу барысында.

Сонымен қоса Президент Қазақстан мен Сингапур қатынастарында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық ерекше орын алатынын атап өтіп, елімізде 140-тан астам сингапурлық компания мен бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп жатқанын тілге тиек етті.


«Сингапурдің Қазақстан экономикасына құйған инвестициясының жалпы көлемі 1,4 миллиард доллардан асты. Экономикалық қиындықтар мен пандемияға қарамастан, былтыр өзара сауда-саттық көлемі 2 миллиард долларға жуықтады. Бұл өте жақсы нәтиже»,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Халима Якоб екі ел арасындағы саяси диалог пен өзара тиімді серіктестіктің деңгейін жоғары бағалады.

«Бұл – Сингапур Президентінің Қазақстанға, жалпы Орталық Азияға алғашқы сапары. Сондықтан бұл – өте маңызды сапар. Қазақстан – біз үшін Орталық Азия аймағындағы аса маңызды серіктес. Өйткені еліңізді, шын мәнінде, аймақтағы көшбасшы ретінде танимыз. Бізді тығыз қарым-қатынасымыз ғана емес, ашықтық және тәртіп секілді қағидаттарға беріктігіміз де байланыстырады. Бұл – Қазақстан үшін де, біз үшін де маңызды», - деді Сингапур Президенті.

Фото: t.me/aqorda_resmi

Сонымен қатар Назарбаев Университетінің Жоғары мемлекеттік саясат мектебі мен Ли Куан Ю атындағы мемлекеттік саясат мектебі арасында стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту маңызды екені айтылды. Содан кейін мемлекеттер басшыларының қатысуымен екі елдің ресми делегация мүшелері бірқатар құжатқа қол қойды:

- Қазақстан Республикасы мен Сингапур Республикасы арасындағы қызметтер саудасы және инвестициялар туралы келісім;

- Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сингапур Республикасының Үкіметі арасындағы Орталық Азия елдері (С5) мемлекеттік қызметшілері үшін әлеуетті арттыру бағдарламасы шеңберіндегі ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

- «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен «Enterprise Singapore» арасындағы ынтымақтастық туралы келісім;

- «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ мен «Enterprise Singapore» арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум.

Халима Якоб НУ-дің құрметті профессоры атанды

Сонымен бірге, Хаима Якоб Назарбаев университетіне барып, «Арыстан қаладан – Ұлы далаға» тақырыбында дәріс оқыды. Ол өз сөзінде Сингапур мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас көшбасшылардың өзара іс-қимылына негізделетінін баса айтты.

Сондай-ақ Сингапур президенті Назарбаев Университеті мен Сингапур Ұлттық университеті арасындағы берік ынтымақтастықты атап өтті. 2012 жылдың тамыз айынан бастап қол қойылған ынтымақтастық келісімі аясында Назарбаев Университетінің Жоғары мемлекеттік саясат мектебі (NU GSPP) және Сингапур Ұлттық университетінің Ли Куан Ю мемлекеттік саясат мектебі (LKU School) студенттер алмасу бағдарламасын кеңейтіп, зерттеу тәжірибесімен бөлісіп жатыр. Осылайша, стратегиялық серіктестік аясында 2016 жылдан бері НУ-дың 13 студенті LKY мектебінде, ал 11 сингапурлық студент НУ-да білім алды.

Іс-шарада Халима Якобке Назарбаев Университетінің құрметті профессоры атағы берілді. Назарбаев Университетінің президенті Шигео Катсу гендерлік теңдікті және БҰҰ-ның басқа да тұрақты даму мақсаттарын табысты ілгерілетіп жүрген саясаткерге, Сингапурдің тұңғыш әйел президентіне мұндай атақ беру университет үшін үлкен мәртебе және мақтаныш екенін атап өтті. Бұған дейін бұл атақты 2013 жылы Қытай төрағасы Си Цзиньпин және 2015 жылы Жапонияның марқұм премьер-министрі Синдзо Абэ иеленген болатын.

Бұдан біз екі елдің білім саласында да байланыс жолға қойылғанын байқауға болады. Сонымен қоса айта кету керек, бәрімізге белгілі «Болашақ» халықаралық бағдарламасы Сингапур тәжірибесін ескере отырып әзірленген. Біз жоғарыда атап өткендей, Ли Куан Ю басшылыққа келгеннен кейін сингапурлықтардың дамыған мемлекеттерде білім алуына мүмкіндік берген еді.

Қазақстан-Сингапур бизнес форумы: $275 млн долларды құрайтын құжаттарға қол қойылды

Сингапур президентінің Қазақстанға сапары аясында елордада Қазақстан-Сингапур бизнес форумы ұйымдастырылды. Бүгінде Сингапур – Қазақстанның ASEAN аймағындағы ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі. Бизнес форумға қатысқан Әлихан Смайылов өткен жылдары қос мемлекет арасында берік қарым-қатынас қалыптасқанын атап өтті. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша, екіжақты тауар айналымы 65%-ға өсіп, $2 млрд-қа жуықтаған. Сондай-ақ осы кезеңде сингапурлық инвестиция көлемі 6 есе өсіп, $400 млн құрап, рекордтық деңгейге жеткенін де атап өткен жөн.


«Бүгінде Қазақстанда көптеген сингапурлық компания мен бірлескен кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар экономикалық байланысымызды одан әрі кеңейтіп, тереңдетуге әлеуетіміз жетерлік. Бізде серпінді инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қажетті барлық мүмкіндік бар», - деді Әлихан Смайылов.

Ал президент Халима Якоб Қазақстан Сингапурдің Орталық Азиядағы ең ірі серіктесі екенін атап өтіп, елдер арасындағы қарым-қатынастардың одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.

«Бүгінгі бизнес-форум Қазақстанда жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін зерттегісі келетін сингапурлық компаниялардың басын қосты. Күшейіп келе жатқан геосаяси сын-қатерді ескерсек, бұл екі елдің экономикасын әртараптандыруға ықпал етеді. Осы тұрғыда Сингапур серіктестікті кеңейтуге әрдайым ашық. Қазақстан – өзінің орасан зор ресурсымен әртүрлі мемлекет мен компания үшін инвестициялық тұрғыдан тартымды ел», - деді Халима Якоб.

Форум қорытындысы бойынша сауда, инвестиция, логистика және мемлекеттік қызметкерлерді оқыту салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірқатар екіжақты келісім мен меморандумға, сондай-ақ құны $275 млн болатын коммерциялық құжаттарға қол қойылды.

Алматы маңында «G4 City» қаласы салынбақ

Халма Якоб пен Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан аумағында бірлескен кәсіпорындар ашу мәселелері туралы пікір алмасты. Атап айтқанда, Алматы маңындағы «G4 City» агломерациясының құрылысына қатысты бірлескен инвестициялық жобаның жүзеге асырылу барысы, қаржы институттары арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды. Ал мемлекет басшыларының кездесуінен кейін ұйымдастырылған Қазақстан-Сингапур форумында Surbana Jurong компаниясының бас операциялық директоры, доктор Ума Махесваран Раманатхан Алматы облысында жүзеге асырылып жатқан G4 City смарт қала жобасына кеңірек тоқталып өтті.

«G4 City даму тұжырымдамасына сәйкес, біріктірілген қала жалпы ауданы 111 800 гектарды құрайтын төрт тақырыптық ауданнан тұрады және 1 миллионнан астам жұмыс орнын ашады. G4 City – Қазақстанның жаңа инновациялық туристік орталығына айналатын ауқымды және бірегей жоба», - деді ол.

G4 – бұл Алматы-Өскемен республикалық тас жолының бойында Алматы-Қонаев учаскесінде орналасқан құрылымдық жағынан біртұтас төрт заманауи смарт қала. Жобаның негізгі мақсаты – Алматы мегаполисінде бизнесті қарқынды дамыту және тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін қолайлы жағдайлары бар жаңа смарт қалаларды құру.


Сарапшылар негізінен Ли Куан Ю-дің либералды экономикаға негізделген авторитарлық саясаты өз жемісін бергенін алға тартады. Бүгінде Сингапур жоғары дамыған елдердің біріне айналды, ондағы тазалық пен жемқорлықтың төмен деңгейі бүкіл әлемді әлі күнге таң қалдырады. Сарапшылар мұның ұзақмерзімді жұмыс екенін әрі биліктің тұрақты болуы қолға алынған жобалардың дұрыс жүзеге асуын бақылауға мүмкіндік беретінін айтады. Сондықтан да дәл қазір еліміз Қазақстанның да Азияның «ғажайып экономикасы» деген атқа ие болған Сингапурдің тәжірибесін алып, соның жолымен жүруге мүмкіндігі зор. Қазақстан тек саяси-мәдени ғана емес, экономикалық тәуелсіздікке ұмтылып, бүгінде Орта Азияның жетекші мемлекетіне айналып үлгерді. Бізде Сингапрудің бағына бұйырмаған бір дүние бар – бай табиғи ресурс. Ендігі уақытта оны тиімді пайдаланып, сыбайлас жемқорлықты жойып, шын мәнінде халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға назар аударса, жақын болашақта Қазақстанның Орта Азияның «экономикалық ғажайыбына» айналатынына мүмкіндігі де бар секілді.