Қазақстан спорттағы допингке қарсы күрес туралы халықаралық конвенцияны заңмен бекітетін болды

АСТАНА. Маусымның 19-ы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Қазақстан спорттағы допингке қарсы күрес туралы халықаралық конвенцияны заңмен бекітетін болды.

Қазақстан спорттағы допингке қарсы күрес туралы халықаралық конвенцияны заңмен бекітетін болды
Осыған байланысты Үкіметтен Мәжіліске «Спорттағы допингке қарсы күрес туралы халықаралық конвенцияны ратификациялау туралы» жаңа заң жобасы келіп түсті. Бұл заң жобасы бойынша Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті қорытынды әзірлейтін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Қазақстан Республикасының Спорттағы допингке қарсы күрес туралы халықаралық конвенцияға қатысуы спорттағы допингке қарсы күресті мемлекеттік реттеу тиімділігін арттыруға, сондай-ақ Қазақстан Республикасында спортты одан әрі дамытуға ықпал етеді.Осы Заң жобасын қабылдау Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік допингке қарсы күрес кодексі мен Халықаралық Олимпиада комитетінің принциптеріне сәйкес келетін ұлттық және халықаралық деңгейлердегі шараларды қолдануы, сондай-ақ спортшыларды қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған барлық халықаралық ынтымақтастық нысандарын көтермелеуі үшін халықаралық-құқықтық негіз қалайды. Конвенцияны ратификациялау, әсіресе, 2010 жылы Ванкувердегі ХХІ қысқы Олимпиада ойындары мен 2011 жылы Астана мен Алматы қалаларында өтетін 7-қысқы Азия ойындары қарсаңында халықаралық аренада отандық спорттың ұстанымдарын нығайтуға ықпал етеді және Қазақстан Республикасының спортта допингті қолданудың алдын алу жөніндегі халықаралық талаптарды сақтау және қолдану ниетін растайды. Бүгінгі таңда Конвенцияға 71 ел қатысушы болып табылады. Оның ішінде 12 ел Азия өңірінен екені белгілі. Конвенция «Халықаралық шарттар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 2) тармақшасына сәйкес ратификациялануы тиіс. Конвенцияның 15-бабына сәйкес қатысушы мемлекеттер Дүниежүзілік допингке қарсы күрес агенттігінің бекітілген негізгі жылдық бюджетін мемлекеттік органдардың және олимпиадалық қозғалыстың тең үлесті қаржыландыруы принципін қолдайды. Қазақстан 2004 жылдан бастап көрсетілген ұйымға жыл сайынғы жарна төлемін «Жоғарғы жетістіктер спортын дамыту» республикалық бюджеттік бағдарламасының шеңберінде жүзеге асырады.