Қазақстан су қауіпсіздігі бойынша БҰҰ-мен бірлесе жұмыс істеуге дайын – Нұржан Нұржігітов

АСТАНА. KAZINFORM - Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагчамен кездесті, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Нұржан Нұржігітов БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагчамен кездесті
Фото: Су ресурстары министрлігі

Кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың су ресурстары саласындағы халықаралық өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған бастамаларын іске асырудағы әлеуетті ынтымақтастық сөз болды.

Атап айтқанда, тараптар Мемлекет басшысының БҰҰ құрылымында Халықаралық су ұйымын құру, Қазақстанда Шанхай ынтымақтастық ұйымының Су проблемаларын зерттеу орталығын құру және Орталық Азияның су пайдалану жөніндегі негіздемелік конвенциясын әзірлеу туралы бастамаларын талқылады.

Министр мен БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі 22-24 сәуір аралығында Астанада өтетін алдағы өңірлік экологиялық саммитке дайындықты талқылады.

Тараптар су ресурстарына қатысты іс-шараларды ұйымдастыру және бірлескен ұсыныстар әзірлеу мәселелерін пысықтауға келісті.

Кездесу соңында министр Раднарагча ханымды Қазақстан Республикасының су секторын дамыту жөніндегі әріптестердің Үйлестіру кеңесінің алдағы отырысына қатысуға шақырды.

-Біз Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасымен, соның ішінде Үйлестіру кеңесі аясында өте тығыз ынтымақтастық орнатып келеміз. Сондай-ақ БҰҰ Даму бағдарламасы Ислам даму банкімен бірлесіп елдегі су шаруашылығы инфрақұрылымын салу және реконструкциялау жобаларына белсенді қатысуда. БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының қолдауымен халықаралық қаржы институттарымен өзара іс-қимыл жүзеге асырылып келеді. Ал ЮНИСЕФ балалар мен жастар арасында су ресурстарын ұқыпты пайдалануға бағытталған жобаларға қатысады. Мемлекет басшысы су қауіпсіздігін қамтамасыз етуде халықаралық ынтымақтастықтың маңызын бірнеше рет атап өтті және біз бұл бағытта БҰҰ-мен бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз, – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Осыған дейін БҰҰ сарапшысы Қазақстанда Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін енгізу - дұрыс шешім екенін айтқан болатын.



Соңғы жаңалықтар