Қазақстан субсидиялау саясатын Кернс тобы елдеріне жақындатады - АШМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан субсидиялау саясатын Кернс тобы елдеріне жақындатады. Бұл туралы бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мәлім етті.

Қазақстан субсидиялау саясатын Кернс тобы елдеріне жақындатады - АШМ

«Ауыл шаруашылығын субсидиялаудың тиімділігін шешу мақсатында біз Кернс тобының (Кернс тобы - ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаушылар қауымдастығы) тәжірибесін зерделедік. Естеріңізде болса, Елбасы шетелдік инвесторлар кеңесінде осыны атап өткен болаты. 1986 жылы Австралияның Кернс қаласында осындай келісім жасалған, оған кіретін топтың басты мақсаты - ауыл шаруашылығы өнімдерінің еркін саудасын дамыту», - деді А. Мамытбеков. Министрдің айтуынша, 1986 жылы келісім қабылданған уақытта оған мүше елдер саны 18 болса, қазіргі таңда бұлардың қатары 20 елге жетті. Ол елдердің барлығы да ауыл шаруашылығы тауарларының өнімділігін арттыруды, саланың тиімділігін көтеруді мақсат етеді. Қолдаудың ортақ шараларының арқасында бұл елдер тиімділікті анық сезініп отыр.

«Мәселен, Еуропа елдерінде субсидияны гектарына бөлгенде олар өндірістің өндімділігін мақсат етпейді, керісінше кейбір жағдайда фермерлерге өндірілетін тауарларына шектеулер жасайды. Яғни, егер шаруа белгіленген межеден артық өнім өндірсе, онда оған керісінше айыппұл салынуы, субсидияан айыру мүмкін. Ал Кернс тобына келсек, олардың міндеті біздің саясатымызға ұқсайды. Сонымен қатар, Қазақстан да Кернс тобындағы елдердің басым бөлігі секілді ашық теңізге шығуға жолы жоқ мемлекет болып отыр. Әйтсе де, біз ауыл шаруашылығын мейлінше көп тұтынатын екі алып мұхиттың (мемлекеттің) ортасындамыз», - деді А. Мамытбеков.

Министрдің сөзіне қарағанда, Кернс тобы тауардың өзіндік құнына әсер ететін субсидиядан толығымен бас тартқан, бұл да Қазақстанның жағдайына ұқсас болып табылады. ДСҰ-дағы «жасыл себет» субсидиялары да Кернс тобы елдерінде қолданылмайды.

«Яғни, олар қолданатын субсидиялар негізінен: пайыздық лизингтік кредиттердің ставкаларын субсидиялау, инвестициялық субсидиялау, білімді субсидиялау және ғылымды қаржыландыру, фитосанитарлық, ветеринарлық қауіпсіздік, инфрақұрылымды дамыту секілді бірқатар шаралар. Бұлардың барлығы ауыл шаруашылығы саласының тиімділігіне жанама түрде өте тиімді әсер етеді деп ойлаймыз. Сонымен қатар, біз Жаңа Зеландия, Австралия елдерінің тәжірибесін қарасақ та, «жасыл себет» саясаты бойынша қолдау көрмей отырған шаруалар тиімді нәтижелерге қол жеткізетінін көрсеткен», - деді министр.

Айта кетерлілігі, қазіргі таңда Кернс тобына Аргентина, Австралия, Боливия, Бразилия, Канада, Чили, Колумбия, Коста-Рика, Гватемала, Индонезия, Малайзия, Жаңа Зеландия, Пакистан, Парагвай, Перу, Филиппин, ОАР, Таиланд және Уругвай секілді елдер мүше.