Қазақстан тарихының көптомдығы қашан баспаға дайын болады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан тарихының көптомдығын баспаға дайындау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қазір академиялық еңбектің терминологиясын біріздендіру, тарихи материалдар мен иллюстрацияларды жүйелеу, мәтіндерді редакциялау және беттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Вице-Президент Ерлан Қарин мәлімдеді.

Қазақстан тарихының көптомдығы қашан баспаға дайын болады
Видеодан алынған кадр

— Қазақстан тарихының көптомдығын баспаға дайындау жұмыстары қызу жүріп жатыр. Қазір академиялық еңбектегі терминологияны біріздендіру, тарихи материалдар мен иллюстрацияларды жүйелеу, мәтіндерді редакциялау, беттеу және басқа да баспа алдындағы жұмыстар атқарылып жатыр, — деді Вице-Президент.

Ерлан Тынымбайұлы осы іске жауапты редакторлар ұжымымен бірге күн тәртібіндегі мәселелерді талқылағанын айтты.

— Академиялық басылымның баспаға сапалы әрі талапқа сай дайындалуына қатысты атқарылып жатқан шаруалардың барысын сараладық. Бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жалғасады, — деді ол.

Ерлан Қарин бұған дейін Қазақстандағы ескерткіштердің мазмұндық және мағыналық сапасын арттыру бойынша жүйелі жұмыс басталатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, ескерткіштер ұлттық бірегейлік пен ортақ құндылықтарды дәріптеуі керек.