Қазақстан тарихының жаңа көптомдығы биыл дайын болады
АСТАНА. KAZINFORM – Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ұлттық құрылтайдың 4-отырысы аясында Қазақстан тарихының жаңа академиялық басылымын әзірлеу жұмысының барысы жайында айтты.

- Құрылтай алаңында Мемлекет басшысы жаңаа жылнамалық 7 томды, ұлттық тарихымыз жөнінде үлкен еңбекті жазу туралы тапсырма берген еді. Биыл осы жұмысты аяқтауды жоспарлап отырмыз, - деді Саясат Нұрбек.
Академиялық басылымды әзірлеуге 5 ғылыми институт, еліміздің 250-ден және шетелдің 60-тан астам тарихшы ғалымдары жұмылдырылды. Көптомдыққа 40-тан аса археологиялық зерттеу материалдары, тарих, археология және этнография салалары бойынша 300-ге жуық еңбек енеді. Оны дайындау барысында халықаралық форумдардың, көптеген ғылыми конференцияның, дөңгелек үстелдер мен әдістемелік семинарлардың аясында арнайы секциялар өтті. Осы іс-шараларда ғылыми зерттеулердің нәтижелері тексерілді, сондай-ақ ғалымдардан, сарапшылардан және мамандардан ұсыныстар алынды.
Бұған дейін Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Алматы қаласындағы Ә.Марғұлан атындағы Археология институтында «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты жаңа академиялық басылымды әзірлеп жатқан жетекші ғалымдармен кездескенін жазған едік.