Қазақстан тарихта алғаш рет Дүниежүзілік денсаулық сақтау Ассамблеясының А комитетіне басшылық етті

АСТАНА.KAZINFORM - Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясы тарихында алғаш рет ДДА Ассамблеясының А комитетіне басшылық етті.

Қазақстан тарихта алғаш рет Дүниежүзілік денсаулық сақтау Ассамблеясының А комитетіне басшылық етті
Фото: ДСМ

Бұл – денсаулық сақтау саласындағы жаһандық саясаттың негізгі мәселелерін қарайтын екі маңызды комитеттің бірі. А комитетінің төрағасы болып Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігінің Бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев сайланды. Қазақстан төрағалығы аясында комитет пандемияларға дайындық, медициналық-санитариялық алғашқы көмекті дамыту, денсаулық сақтау жүйелерінің тұрақтылығы, медициналық қызметтермен әмбебап қамту, цифрландыру, медицинада жасанды интеллектіні қолдану, микробқа қарсы тұрақтылық, психикалық денсаулық және өзге де жаһандық сын-қатерлерді қоса алғанда, стратегиялық мәселелердің кең ауқымын қарастырып жатыр.

Жұмыстың алғашқы күнінде А комитеті халықаралық күн тәртібіндегі ең маңызды мәселелердің бірі – ДДҰ-ның пандемиялық келісімін және оған қосымшаларды әзірлеуді талқылауға кірісті. Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, талқылау барысында 60-тан астам ел келіссөздер үдерісін жалғастыруды және ынтымақтастық пен өзара сенім қағидаттарына негізделген консенсусқа қол жеткізу қажеттігін қолдайтынын растады.

Дамушы мемлекеттер патогендерге, технологиялар мен ғылыми ақпаратқа әділ қолжетімділік мәселелеріне назар аударса, дамыған елдер болашақ пандемияларға ден қоюдың тиімді әрі іске асырылатын халықаралық тетігін қалыптастыру қажеттігін атап өтті.

Талқылауға Еуропалық одақ, GAVI, South Centre, халықаралық ұйымдар, салалық бірлестіктер мен кәсіби қауымдастықтардың өкілдері қатысты. Комитет жұмысы барысында медициналық-санитариялық алғашқы көмекті дамыту және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін, әсіресе шалғай және жетуі қиын өңірлерде, цифрлық шешімдерді енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылып отыр.

Қазақстан тарапы медициналық-санитариялық алғашқы көмекті нығайту, телемедицинаны, мобильдік медицинаны дамыту және денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру тетіктерін жетілдіру жөніндегі ұлттық тәсілдерді ұсынды.

- Қазақстан үшін, көптеген елдер сияқты, шалғай елді мекендерде тұратын халықтың медициналық көмекке тең қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесі өзекті. Сондықтан біз алғашқы буынды жүйелі түрде нығайтып, телемедициналық консультацияларды кеңейтіп, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін заманауи цифрлық шешімдерді енгізіп келеміз, - деп атап өтті Тимур Сұлтанғазиев.

Қазір Қазақстандағы медициналық-санитариялық алғашқы көмек желісі шамамен 5 мың ұйымды қамтиды. Оның ішінде 4 мыңнан астамы ауылдық және шалғай елді мекендердің тұрғындарына қызмет көрсетеді. Сондай-ақ елде өңірлерге жұмысқа келген медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шаралары жүзеге асырылып жатыр.

Қазақстанның Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының А комитетіне басшылық етуі елдің халықаралық беделінің артып келе жатқанын және жаһандық денсаулық сақтау күн тәртібін қалыптастырудағы рөлінің күшейгенін көрсетті.

Айта кетейік, ДДҰ Эбола вирусы сирек штамының таралуына байланысты дабыл қақты.