«Қазақстан тарихы қалай жазылуы керек?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. 29 маусым. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 29 маусым, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Қазақстан тарихы қалай жазылуы керек?» - баспасөзге шолу

***

«Кеше Ақордада Мемлекеттік хат­шы Марат Тәжин еліміздің үз­дік журналистеріне Қазақстан Рес­пуб­ликасы Президентінің бұқаралық ақ­парат құралдары саласындағы сый­лықтары мен гранттарын табыс етті, сондай-ақ Алғысын жариялады»,- деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті сенбілік санындағы «Үлкен сенім - үлкен істер нәтижесі» деген тақырыптағы мақаласында. Бұл күні Мемлекеттік хатшы қазіргі заманғы медиа саласында болып жатқан өзгерістерге қарамастан, журналистиканың негізгі құндылықтары бұ­рын­ғысынша шынайылық, дәлдік және байыпты ақпарат болуы тиіс екенін де атап өтті. Сондай-ақ, ол журналистерге арналған Президент сыйлығы мен грантының бұдан 16 жыл бұрын тағайындалғанын, жыл өткен сайын бұл байқаудың маңызы мен деңгейінің өсіп келе жатқанын алға тартты. «Биыл үміткерлерге қойылатын талап айтарлықтай арта түсті. Сондықтан, марапатқа бүгін ең лайықты, үздік журналистер мен ұжымдар ие болды деп есептеймін», - деді М. Тәжин.

Бірқатар уақыттардан бері аптаның әрбір бейсенбісі күні кешке қарай әртүрлі демалыс орындарында, жұртшылық көп жиналатын жерлерде «Домбыра пати» атты жастардың импровизациялық, яғни суырыпсалма өнер кешін өткізу дәстүрге айналды. Басында еліміздегі бірер қалада басталған бұл үрдіс кейін келе Қазақстанның барлық дерлік қалаларын қамтыды. Тіпті еліміздің шегінен шығып, алыс шет елдерге қазақ патиының даңқы жете бастады. Сондай кештің бірі жақында Түркиядағы Ыстамбұл қаласында да керуен керді. Ежел­гі қаланың қазақтар көбірек тұра­тын Зейтинбұрын шағын ауданында өткен бұл кеш көпшіліктің көңілінен шықты. Сондықтан түркиялық қазақ жас­тары оны одан әрі жалғастыруға кірісті. Бұл жайында «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санындағы «Ойхой, «Домбыра пати!» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баяндалған.

***

Соңғы кезде еліміздің тарихына қатысты түрлі сыни пікірлер айтылып жүр. Бұдан бір-екі жыл бұрын Елбасы Н.Назарбаевтың өзі Қазақстан тарихының оқулықтарда көрініс табуына көңілі толмайтындығын айтқан болатын. Ал таяуда Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин «Қазақстан Республикасы ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының» кеңейтілген отырысында ұлт тарихын зерделеуге деген жаңа өзгерістерді жіліктеп берді. Осы өзекті мәселе «Түркістан» газетінің жанынан ашылған «Алдаспан» ашық пікірсайыс клубында да кеңінен талқыға салынды. Жиналған тарихшы-ғалымдар өз пікірлерімен бөлісті. Ғалымдардың пікірі «Айқын» газетінің бүгінгі нөмірінде «Қазақстан тарихы қалай жазылуы керек?» деген ортақ тақырыппен беріліп отыр.

Осы басылымның жазуынша, кеше Мәскеуде «РИА Новости» базасында «Постдағдарыстық әлем» халықаралық қорының Болашақ - 2050: әлемнің саяси-экономикалық картасы» атты зерттеу нәтижесі бойынша «Жаңа әлем тренді - Қазақстанның мүмкіндігі» атты баяндамасы талқыланды. «Дағдарыстық әлем институты» қоры Мәскеу қаласында 2009 жылдың ба­сын­да құрылған, саяси ортада танымал және беделі бар сараптау орталығы. Үстіміздегі жылы бұл қор «Болашақ - 2050: әлемнің саяси-экономикалық картасы» атты кезекті халықаралық зерттеу жұмыстарын жүргізген болатын. Зерттеу жұмысына ТМД, Батыс және Шығыс Еуропа, Таяу Шығыс, Африка, Латын Америкасы, АҚШ, Канада, Австралия сияқты 63 елде тұратын 303 сарапшы қатысты. Сарап­шылардың ішінде - экономистер мен қаржы аналитиктері, компания иелері мен топ-менеджерлері, экономика мен саяси тақырыптарға жазып жүрген журна­лис­тер, табиғи, гуманитарлық және қоғам­дық ғылымдар саласындағы ғалымдар, саясаткерлер мен шенеуніктер болды. Бұл зерттеулер шын мәнінде алдағы болашақты тұмшалап тұрған шымыл­дық­ты шынайы өмірге барынша жақын­датылған сценарийлер арқылы ашуға бүкіл күш-жігерлерін салған, жаһандық тұрғыдан ойлайтын қа­тысушылардың ұжымдық сараптамасы.

***

«Кеше Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Румыния Премьер-министрі Виктор Понтамен кездесу өткізді», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Кездесуде екіжақты саяси ық­пал­дастық, сондай-ақ екі елдің сау­да-экономика, инвес­тиция және көлік-логистика салаларындағы ын­тымақтастығы мәселелері қа­рас­тырылды. Мемлекет басшысы Румыния Премьер-министрінің Қазақстанға сапары елдеріміздің серіктестігі аясын кеңейте түсудің жақсы мүм­кіндігі болып саналатынын атап өтті. «Сіз Қазақстанның Премьер-Ми­нис­трімен, сондай-ақ Үкімет мүшелерімен кездесулер өткізіп, ынтымақтастықты одан әрі да­мы­тудың жаңа бағыттарын тал­қы­ла­дыңыздар. Бүгінде біздің мем­лекеттеріміз арасында жо­ға­ры деңгейдегі кездесулердің қар­қыны жақсы. Мен сапармен Ру­мынияда болдым және Румыния Президенті біздің елімізде болды. Әлемдік экономиканың жа­ғымсыз салдарына қарамастан, екі ел арасындағы тауар айналымы артуда. Ын­ты­мақтастығымыздың маңызды бір тармағы RomPetrol компаниясының қызметі болып саналады. Біз Румыния Үкіметіне бұл мәселе жөніндегі сындарлы ұстанымы үшін ризашылық біл­ді­ре­міз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.