Қазақстан тек органикалық таза өнім экспорттайтын ел ретінде имиджін қалыптастырса игі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықаралық зерттеулерге сүйенсек, соңғы кезеңдерде Жер халқының саны жыл сайын 60-80 миллион адамға ұлғайып келеді. Мәселен, 1920 жылы Жер шарындағы халық саны шамамен 1,3 миллиард адам болса, БҰҰ сарапшылары 2011 жылдың қараша айында 7 миллиардыншы Жер тұрғынының дүниеге келгенін жария еткен болатын. Болжам бойынша 2050 жылы Жер тұрғындарының саны 8-10 миллиард шамасында болуы мүмкін. Әрине, халық санының өсімі кез-келген мемлекеттің экономикалық ахуалына оң септігін тигізетіні белгілі. Дегенмен, мәселенің екінші жағы - әлемге ортақ проблема - жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі төніп келеді. Осы тұрғыдан алғанда, алдағы уақытта халық үшін әсіресе сапалы, қауіпсіз азық-түлікке деген сұраныс арта түсетіні белгілі. Ендеше, осы іске аграрлық әлеуеті зор Қазақстанның да белсене араласатын кезі келді.
None
None

Халықта «Ауру - астан» деген сөз бар. Соңғы жылдары сапалы әрі қауіпсіз азық-түлікпен қамтамасыз ету аясында осы даналықтың өзектілігі де барған сайын арта түскен тәрізді. Дүкен сөрелерінде қоспаларсыз, бояусыз, ГМО-сыз, синтетикалық агрохимикаттармен уланбаған, гормондар қосылмаған таза органикалық өнімнің ығысуы да байқалады. Олардың орнын баға жағынан бәсекесі басым, алайда сапасы күмән тудыратын өнімдер басуда. Осының өзі бір жағынан халықтың азық-түлікке деген сұранысы шапшаң өсіп отырғанын білдірсе, екінші жағынан сапалы өнімнің жетіспеушілігін аңғартады емес пе?

Айта кетерлігі, Халықаралық экологиялық ауыл шаруашылық қозғалысы федерациясының мәліметіне қарағанда, қазіргі таңда әлемнің 172 елі органикалық ауыл шаруашылық өнімін өндіріп келеді. 82 мемлекетте органикалық өнімдер туралы арнайы заң қабылданған. Әлемнің 11 мемлекетінде ауыл шаруашылығы жер көлемінің 10 пайыздан астамы органикалық жерлерге жатады. Органикалық ауыл шаруашылығы тауарын өндіру нарығында АҚШ жетекші мемлекет саналса, одан кейінгі орындарда Германия мен Франция тұр.

Ал 2013 жылы Қытай осы нарыққа қатысты ресми мәліметтерін алғаш рет жариялап, үздік төрттікке енген еді. Осының өзі нарықтың ауқымдана бастағанын аңғартса керек. Сонымен қатар, сарапшылар органикалық азық-түлік өнімдер нарығына сұраныс жыл сайын орта есеппен 15,5 пайызға өсіп отыратынын алға тартады. Ал 2020 жылға қарай органикалық өнімдердің жаһандық нарығы 212 млрд. долларға дейін жетеді деген де болжам баршылық. Қазірдің өзінде сарапшылар бүкіл әлемде экологиялық таза өнімге сұраныс жыл сайын орта есеппен 20-30 пайызға артып отырғанын алға тартады. Ал органикалық өнімді көп пайдаланатын мемлекеттер қатарында Еуропалық Одақ пен АҚШ, Канада секілді елдер тұр. Дегенмен, соңғы жылдары тұтыну бағытында Оңтүстік Американың біраз елдері, Африка елдерінде, Қытай, Үндістан мен Индонезияда белсенділік артып келеді. дамып отыр.

Ал мұндай жағдай ауыл шаруашылығының әлеуеті зор, аграрлық секторында органикалық өнім келешегі үлкен үміт күттіретін Қазақстанның өз мүмкіндіктерін пайдаланбауы еш қисынға сыймайтыны анық. Әрине, бұл бағытта мемлекеттік ұстанымға да соңғы кездері жан біте бастады. Мәселен, Елбасының бес институционалдық реформасы аясындағы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында ауыл шаруашылығы өніміне өсіп отырған жаһандық сұраныс жағдайында экологиялылыққа баса назар аудара отырып, ұлттық бәсекеге қабілетті брендтер құру жүктелген болатын. Былтыр осы тапсырманы орындау мақсатында арнайы «Органикалық өнім өндіру туралы» заң қабылданды.

Жалпы жаңа заңның мақсаты органикалық өнім өндіруді дамыту үшін жағдай жасау, табиғат ресурстарды сақтау, топырақты, суды, ауаны қоса алғанда табиғи ресурстарды басқарудың, биоәралуандылықты қолдаудың орнықты жүйелерін пайдалану болып табылады. Бұдан бөлек, тамақ өнімдерінің сапасын арттырып, экологиялық өнімге баса мән бере отырып, бәсекеге қабілетті ұлттық бренд жасауға қолдау көрсету қарастырылады. Осы арқылы басқа да дамушы елдерге қазақстандық азық-түлік өнімдерінің экспортын ұлғайту шаралары қамтылу көзделген болатын.

Айта кетерлігі, бүгінгі таңда Қазақстанда органикалық егін шаруашылығы үшін 300 мың гектар жер пайдаланылып келеді екен. Қазақстандағы органикалық өнімдер өндіру әлеуеті өте зор екеніне қарамастан, елімізде жеке компанияларды органикалық өнім өндіру бойынша сертификаттайтын мемлекеттік жүйе қалыптаспай, кедергілер де басым болатын. Сонымен қатар, органикалық өнім өндіру саласын заңнамалық реттеудің болмауы бұғанға дейін осы нарықтың дамуына тұсау салып келген еді. Ендігі күні кедергілердің бәрі кертілді. Арнайы заң органикалық өнім өндірушілер тап болатын олқылықтарды жойып қана қоймай, халықтың денсаулығын және қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығы ескеріле отырып, органикалық өнім өндіруге талаптар қойылады. Жабайы өсімдіктерді өңдеудің химиялық әдістерін болғызбау жағдайлары да қарастырылады.

Органикалық өнімді дамыту әлеуеті тұрғысынан алғанда Қазақстанның ата-бабадан жалғасып келе жатқан дәстүрлі ауыл шаруашылығы мен географиялық оңтайлы орналасу мәселесіне де назар аударған ләзім. Шындығында, Қазақстан тағам өнімдеріне сұраныс үнемі артып отыратын Қытай, Ресей, Орта және Таяу Шығыс пен Еуропа сияқты негізгі нарықтардың ортасында орналасқан. Бұл ауқымды ауыл шаруашылығы жерлерін иемденіп отырған мемлекет үшін үлкен мүмкіндік. Соның ішінде кейінгі жылдары сарапшылар әсіресе Қытай бағытына Қазақстаннан сапалы органикалық ауыл шаруашылығы өнімін импорттауға ерекше көңіл бөліп отырғанын аңғару да қиын емес. Мәселен, ҚР Ауыл шаруашылығы экс-министрі Асылжан Мамытбеков өткізу нарықтарын дамыту жөніндегі басым міндет - органикалық өнімдерді Қытай нарығына экспорттау екенін айтқан болатын.

«Қытайда былтырғы жылы елдегі бас партияның съезінде халықты экологиялық таза, органикалық өніммен қамтамасыз ету туралы бастама көтерді. Партияның шешімі - аса маңызды міндет саналатындықтан, қазір Қытай осы бағытта Қазақстанның нарығынан өте үлкен көлемде өнімдерді жақсы бағамен сатып алуға дайын. Соның бір дәлелі - жақында ғана алғаш рет 60 вагон өсімдік майы Қазақстанның Қытайдың орталығында орналасқан Синьянь қаласына жөнелтілді. Бұнымен шектелмейді, Қытай алдағы уақытта осы бағыттағы келісімшарттарға қол қоюға мүдделілік танытып отыр», - деді А. Мамытбеков. Осыған орай, бұрынғы министр Қазақстан үшін сапалы органикалық ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауда ешқандай қиындықтар тумайтынына зор сенім білдірген еді. «Қазақстанда органикалық өнім өндіру үшін қолайлы жағдай қалыптасқан. 2015 жылдың соңында біз «Органикалық өнім өндіру туралы» заң қабылдадық. Заң бізге халықты жоғары сапалы өніммен, ал өндірушілерді әділ бағамен қамтамасыз етуге септігін тигізетін органикалық өндірісті қолдау және реттеу жүйесін құруға мүмкіндік береді», - дейді ол.

Органикалық өнімдердің қытайлық бағытын арттырудың әлеуеті туралы ҚР Сыртқы сауда палатасы басқармасы төрағасының орынбасары Айтуған Омаров та жағымды пікір білдіреді. Оның айтуынша, жаһандағы халық санының үздіксіз өсуі мен әлемдегі тұтыну көлемінің артуы жағдайында Қазақстан үшін органикалық өнім саласын «екінші мұнай» деңгейіне айналдырға толық мүмкіндік бар. «Мен бизнесте жүрген әріптестеріме осы жайында ойлануға кеңес беремін. Себебі Үндістан мен Қытай халқы шапшаң өсуде. Қытай «бір отбасы бір бала» саясатынан бас тартып қана қойған жоқ, салауатты ұрпақты дамытуға да назар аударды. Оған басты мысал - Қытайдың органикалық өнім тұтынуды қолдау саясаты», - дейді Айтуған Омаров. Оның атап өтуінше, өткен жылы Қазақстаннан Қытайға жеткізілген азық-түлік тауарлары экспортының көлемі 106 млн. доллардан асқан. Ал Қытайдың шетелдерден экспорттайтын жыл сайынғы азық-түлік өнімдерінің көлемі 104 млрд. долларға жетіп отыр. Яғни, Қытай импортындағы Қазақстан экспортының үлесі небәрі 0,1 пайызды ғана құраған. Мұнан бөлек, Азия мен Таяу Шығыстың тұтыну нарығы бар. Демек, бүкіл әлемге органикалық өнімді экспортқа шығаруда қазақстандық агробизнестің мүмкіндігі өте зор деген сөз. Сондықтан да, Сыртқы сауда палатасының өкілі А.Омаров қазақстандық кәсіпкерлер тарихи тұрғыда сауда-саттық қарым-қатынасы жолға қойылған көрші елдердің нарығына назар аударуы керектігін, қазақстандық компаниялар шығаратын сапалы, таза өнімдерінің бәсекеге қабілеттігін артыруға әбден болатынын алға тартады.

Бәсекелестік демекші, Қазақстанда өндірілген органикалық өнім сапасына келсек, сарапшылар бұл бағыттағы отандық өнімді кез-келген Еуропаның брендімен теңестіруге болатынын да айтады. Мәселен, «Жасыл экономика үшін және G-GLOBAL-ды дамыту» коалициясы басқармасының төрайымы Салтанат Рахымбекованың сөзіне қарағанда, осыдан біраз бұрын Астанадан 40 шақырым жерде орналасқан көкөніс өсіретін фитодиодты жылыжай мен күн биовегитаридің мүмкіндіктері зерттелген. Халықтық «жасыл» технологиялар академиясы жанынан құрылған сынақ алаңында органикалық өнім өсіру үшін құрамында химиялық заттар мен нитраттары жоқ және табиғи жолмен өңделген көң пайдаланылған. «Бұл шағын жылыжайдан бизнес жасау туралы ойламаған едік. Алайда, бұндай қадам жасауға біздің серіктесіміз, шетелдік ірі сауда желісі ұсыныс жасады. Олардың мәліметіне қарағанда, сатып алынатын кейбір өнімдер қымбат, бұл өз кезегінде тұтынушыларға да ауыртпалық түсіреді. Ал шетелдік сауда желісі Қазақстаннан өндірілетін көкөністер мен өзге де өнімдерді тұтынушыға қолайлы бағамен сатуға мән бермек», - деді С. Рахымбекова. Оның сөзіне қарағанда, аталған сауда желісімен экологиялық таза органикалық өнім дайындау туралы келісім жасалып, әлгі компания сонымен қатар серіктестер өнімінің сапасы бойынша зертханалық нақтылау шараларын да өз мойнына алып отыр. «Біздің өнім барлық талаптарға сай болады. Тіпті, зертханалық зерттеу нәтижелері сапа жағынан жоғары қорытынды көрсетіп отыр. Қазақстандық өнім мен Франциядан жеткізілетін өнімдердің сапасын тексеріп, қазақстандық өнімнің құрамы кейбір дәрумендерге бай екендігі анықталды», - деді Салтанат Рахымбекова.

Дегенмен, сарапшы органикалық өнімді ынталандыру үшін әлі де бірқатар шаралар атқарылу қажеттігін алға тартады. Мәселен, оның айтуынша, Қазақстанда органикалық өнімді растайтын арнайы зертханасы жоқ. Соның салдарынан Қазақстанда органикалық өнім өндіретін шаруашылықтар зертханалық нақтылауды Германияға, Түркияға өнім сынамаларын жіберу арқылы алып келеді. Бұл зертханалар астық сапасымен қатар, топырақ тазалығын және басқа да көрсеткіштерді тексереді. «Әлемдегі ірі астық экспорттаушы мемлекет ретінде Қазақстан органикалық өнім бойынша зертханалық тексерулерді өз ішінде жүзеге асыратын болуы керек», - дейді ол.

Түйіндей айтсақ, Қазақстанның жайлауы мен жайылымы мал шаруашылығын, дархан даласы егін шаруашылығын дамытуға да аса қолайлы. Бұл үшін жерден көп өнім алудың соңына түсіп, оны улаудың да, химиялық қоспалармен бүлдірудің да еш қажеті жоқ. Қоспасыз таза өнім - Қазақстанның басты ерекшелігі. Ең ақыр аяғы Қазақстан өзінің әлемдік аренадағы органикалық, экологиялық таза тағам өндіретін ел ретінде имиджін құру керек. Қазірдің өзінде бұған мол мүмкіндік бар. Өйткені, Ресейде, Араб Әмірліктерінде және Қытайда Қазақстан экоөнімдерімен танымал бола бастады. Бұл іс ары қарай жалғасын тапса, оған мемлекеттік деңгейде мән берілсе игі. Сонымен қатар, экологиялық таза, қоспасыз органикалық өнімді ішкі нарықта да қолдап, халық саулығы үшін де, экономика үшін де өз нарығымызды осындай өніммен толтырып алсақ. Бұл ретте елімізде азық-түліктің 70 пайызы импорттан екенін де естен шығармағанымыз ләзім ғой.

Соңғы жаңалықтар