Қазақстан титанның әлемдiк сегменттегi үлесiн арттыруды жоспарлап отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан титанның әлемдiк сегменттегi үлесiн арттыруды жоспарлауда. Бұл туралы бүгiн елордада «Astana Mining & Metallurgy 2015» VI Халықаралық Тау-кен және Металлургия Конгрессі барысында ҚР Премьер-Министрiнiң бiрiншi орынбасары Бақытжан Сағынтаев мәлiм еттi.

Қазақстан титанның әлемдiк сегменттегi үлесiн арттыруды жоспарлап отыр

«Қазақстандық металл брендтерiн дамытуға келетiн болсақ, бiз Қазақстан титанының әлемдiк сегменттегi үлесiн 11 пайыздан 20 пайызға дейiн арттыруды жоспарлап отырмыз» , - дедi ол.

Оның айтуынша, инвестиция тарту үшiн тау-кен саласында жер қойнауын пайдалану құқығын берудi жеңiлдету көзделуде.

«Ол батыс Австралияның тәжiрибесiнен алынады. Онда «бiрiншi келдiң, бiрiншi алдың» деген принцип қолданылады. Ол үшiн «Жер қойнауы туралы» кодекс жасақталуда», - деп атап өттi Б. Сағынтаев.

«Қазақстанның тау-кен кешенiн дамыту мақсатында осы салаға трансұлттық компанияларды тарту көзделген. Қазiрдiң өзiнде «Glencore», «Арселлор», «POSCA», «ЕуразХолдинг» сынды iрi компаниялар жұмыс iстеп жатыр. Осы бағыттағы жұмысты күшейте бермекпіз», -деді ол.