Қазақстан – ТМД көшбасшысы: ішкі жалпы өнім халық тұрмысына қалай әсер етіп отыр

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл Қазақстан жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) бойынша ТМД елдері арасында көшбасшыға айналды. Халықаралық валюта қоры елдегі көрсеткішті 14,77 мың доллар деп бағалаған. Бұл деңгей Ресейден (14,26 мың доллар), Грузиядан (9,57 мың доллар), Армениядан (8,86 мың доллар), тіпті салыстырмалы түрде Қытайдан (13,69 мың доллар) да жоғары. Kazinform-ның аналитикалық шолушысы сарапшылармен бірге экономикалық өсімнің әсерін талдауға тырысты.

ЖІӨ
Коллаж: Kazinform/ Canva/ Freepik

Қазақстан қалай бірінші орынға шықты?

Кейінгі он жылда жан басына шаққандағы ЖІӨ статистикасы ұлғайғаны рас: 2014 жылдан бері жылдық көрсеткіш 10 мың доллардан түскен емес. Биыл 14,77 мың долларға бір-ақ шықты. Жоғарыда атап өткеніміздей, мұндай оң динамика ТМД-да тек Қазақстанда байқалып отыр.

жіө
Инфографика: Kazinform

 

Экономист Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, көрсеткіштің тұрақты көтерілуіне ішкі-сыртқы факторлар әсер етуде.

– Кейінгі жылдары қолға алынған индустрияландыру бағдарламасы ЖІӨ өсуіне әсер етіп отыр. Ауыл шаруашылығы мен құрылыс секторының жандануы, ішкі тұтыну мен инвестиция көлемінің өсуі, инфрақұрылымдық жобалар көп көмегін тигізді.

Сонымен қатар сыртқы факторлардың көмегі көп. Қазір әлемдік нарықта мұнай мен металл бағасы қымбат, Ресей мен Қытай бағытындағы экспорт ұлғайды. Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі сауда ағымы ауқымға бет алған. Осының бәрі ықпал етпей қоймайды, – деген ойда сарапшы.

Қазақстан экономикасы экспортқа негізделгені шындық. Әсіресе шикізат экспорты негізгі сауда тауарына айналғалы көп болды. ЖІӨ-ден бөлек, бүтін экономиканы ұстап отыр десек, артық болмас.

2000 жылдардан бері әлемдік нарықтағы шикізат бағасының тоқтаусыз өсуі бізге үлкен мүмкінідікке айналды. Содан бері ЖІӨ-нің басым денін шикізатқа теліп, көрсеткішті осының есебінен жаптық. Мысалы, 2013-2014 жылдары сыртқы экспорт көлемі 80 млрд долларға көтерілгенін білеміз. Бұл сол кездегі ЖІӨ-нің үштен бір бөлігіне тең еді. Қазір де салалық үлесте шикізатты басып озар сектор болмай тұр.

Кез келген уақытта «қара алтынның» нарықтағы бағасы түссе, пайда азаяды деген сөз. Іс орайы осы бағытта құбылды дегенше, жан басына шаққандағы ЖІӨ-ні 14,77 мың доллардың тұсында тұрақтату қиын. Сол үшін Үкімет жыл сайын экономиканы әртараптандыруға күш салып келеді.

экономист
Фото: Бауыржан Ысқақовтың жеке мұрағатынан

– Экономиканың 40 пайызға жуығы шикізаттық секторға, мұнай-газ бен металлургияға тәуелді. Экспорттың 60 пайызға жуығы – мұнай-газ, 10-15 пайызы – өндіруші өнеркәсіпке байлаулы. Сондықтан ішкі жалпы өнімнің құрылымын әртараптандыру керек. Ол үшін инновациялық технология мен IT секторды дамытудан басқа жол жоқ. Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жүйесіне көшу қажет. Көлік-логистика және жасыл экономика жобаларын ұмыт қалдырмаған дұрыс, – дейді Бауыржан Ысқақов. 

Еуразиялық экономикалық одақ: көмек пен қолбайлау

ЖІӨ-нің жан басына шаққандағы үлесімен Ресейден озғанымыз рас. Осы орайда сарапшылар нәтижеге Еуразиялық экономикалық одақтағы алыс-беріс әсер етті дегенді айтып отыр. Қоғамда тиімділігі тұрғысынан кей мамандар күмән келтірген бірлестіктің пайдасы да тиген секілді. Себебі ЕАЭО шеңберіндегі интеграция ЖІӨ-нің 2 пайызға жуығын құраған болатын.

ЕАЭО елдері ауыр жүк көліктерінің жол жүруін жеңілдетеді
Фото: Сауда және интеграция министрлігі

Экономист Бауыржан Ысқақов ЕАЭО-ның кері әсері бар дегенге сенбейді.

– Әрине, одақтың импорттық тәуелділікті күшейтіп, отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігіне қысым түсіретін сәті бар. Дегенмен, жалпы алғанда ЕАЭО шеңберіндегі интеграция еркін сауда айналымы, экспорттық нарықты кеңейту, өнеркәсіптік кооперациясын арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Мысалы, ауыл шаруашылығы өнімдері мен машина жасау саласында Ресей мен Беларусь кәсіпорындарымен бірлескен жобалар іске асуда, – деп қосты маман.

«ЖІӨ құрылымын әртараптандыру керек»

Жақында Ұлттық экономика министрлігі 2025 жылдың 10 айындағы жалпы ішкі өнімі көрсеткішін жариялады. Онда өсім өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,4 пайыз деп көрсетілген. Бізге қызығы, салалық бөлініс біршама жақсарған. Бүгінде тауарлар өндірісі – 8,2 пайызға, қызмет көрсету – 5,3 пайызға, өңдеу өнеркәсібінде өсім 5,8 пайызға, көлік қызметінің көлемі – 20,7 пайызға көтерілді.

ЖІӨ-дегі ең жоғары өсім өнеркәсіп саласында (70 пайыз) болып отыр. Соның ішінде өңдеу өнеркәсібін жіктесек:

  • машина жасау – 11,5 пайызға;
  • автомобиль құрастыру – 13,3 пайызға;
  • химия өнеркәсібі – 10,9 пайызға;
  • азық-түлік – 9,1 пайызға;
  • мұнай өнімдері – 6,3 пайызға;
  • металл бұйымдары – 14,1 пайызға;
  • құрылыс материалдары – 5,3 пайызға ұлғайды.

EPG қорының бас сарапшысы Досым Бесбай экономиканы әртараптандыруды әлі де жүйелей түсу керек деп санайды. Шикізаттан тыс өндірісті дамыту ЖІӨ-нің болашақ өсімін тұрақты етеді әрі көрсеткіш халықтың тұрмысына да тез әсер етуі мүмкін.

Досым Бесбай
Фото: Досым Бесбайдың facebook парақшасынан

– ЖІӨ өсімі, әрине, экономикаға әсер етеді. Алайда бұл өсім шикізаттық емес салаларда болса, оның әсері әлдеқайда жоғары болар еді. Себебі өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы салаларында мультипликативті әсер өте үлкен. Егер өсім тек мұнай секторында болса, онда оның әсері ең төмен деңгейде қала беруі ғажап емес, – деді ол.

Кейінгі үш жылда ашылған жаңа кәсіпорындар аз емес. Осы жылдар аралығында 4 мыңнан аса жаңа өндірістік кәсіпорын ашылып, жалпы инвестиция көлемі 8 трлн теңгеден асыпты, 150 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны құрылды. Ерекшелігі сол, мемлекет өңдеуші өнеркәсіпке басымдық беріп отыр. Сала келешек Қазақстандағы ЖІӨ-нің басты қозғаушы күшіне айналмақ.

Сарапшы Бауыржан Ысқақов ЖІӨ-дегі шағын және орта бизнестің үлесін көбейтіп, қаржылық қолдауды тетігін жеңілдету керек деп санайды. Себебі бүгінде жеке кәсіпкерліктің қатары көбейді, миллиондаған адамның негізгі табыс көзі кәсіпке тәуелді.

Досым Бесбай экономиканы әртараптандыруда шетелдік тәжірибелерді қалыс қалдырмауды ұсынды.

– Қазіргі ЖІӨ құрылымы әлі теңгерімсіз. Шикізаттық сектордың ЖІӨ-дегі үлесі шамамен 17 пайыз, ал экспорттағы үлесі 85 пайыз шамасында, бұл өте жоғары көрсеткіш. Экономиканы әртараптандыру үшін құрылымдық реформалар қажет. Оларды жүзеге асыру қиын емес, бірақ саяси ерік-жігер керек. Мұндай реформаларды сәтті жүзеге асырған елдердің мысалдары көп. Велосипедті қайта ойлап табудың қажеті жоқ — Сингапур мен Корея сияқты табысты елдердің тәжірибесін қайталау жеткілікті, – деп сараптады спикер.

Жалпы ішкі өнім халық табысына жанама әсер етеді

ЖІӨ-нің өсімі макроэкономикада өте жақсы нәтиже саналады. Алайда көбі көрсеткіштің халықтың жалпы табысына неліктен әсер етпей келе жатқанына түсінгісі келетіні анық. Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, ахуалға ЖІӨ-нің қатысы шамалы. ЖІӨ экономикадағы қозғалысты білдіргенімен, халықтың тұрмысы мен жалақы жайы өзге индикаторларға байланысты.

сыртқы сауда
Инфографика: Kazinform

– ЖІӨ – елдің экономикалық белсенділігін көрсететін маңызды индиктор. Бірақ оның барлық экономикалық шындықты толық қамтымайтынын түсінуіміз керек. Бұл көрсеткіштің өсуі өндіріс пен қызмет көрсету көлемін айқын көрсеткенімен, әрқашан халықтың өмір сүру сапасына тең емес. Қарапайым тілмен айтсақ, әлеуметтік сапаны білдірмейді. ЖІӨ өссе де табыстың әділетсіз бөлінуі, инфляцияның артуы кері тартатын болады. Мұндай парадокс дамушы елдің бәріне дерлік тән, – деп талдады спикер.

Жалпы 2020 жылдан кейін ЖІӨ-нің тұрақты өсімі байқалғанымен, халық табысының нақты өсімі баяу жүріп келеді. Оған сарапшы айтқан инфляция мен азық түлік, тұрғын үй бағасынің артуы себеп болып отыр.

Дегенмен ЖІӨ-нің халық тұрмысына еш әсері жоқ деп айту тым қате. Дәл осы статистика инвестицияның артуына, жергілікті инфрақұрылымды жаңартуға септесетінін ұмытпаған дұрыс. Егер ЖІӨ төмендесе, экономиканың қуаты азайып, әлеуметтік жобалар аяқсыз қалуы мүмкін.

ЖІӨ-нің өсімі қазақстандықтардың өмір сапасына қалай әсер етіп жатыр
Коллаж: Kazinform / Midjourney

Бауыржан Ысқақов халықтың тұрмыс деңгейін көтеру үшін басымдықты ЖІӨ-ге емес, әлеуметтік бағалау бағыттарына беру керек деп санайды

– Нақты экономикалық өсімді білу үшін адам даму индексіне қараған жөн: халықтың өмір сүру ұзақтығы, білім деңгейі, табыс есебі кіреді. Жан басына шаққандағы жалпы ұлттық табыс (GNI), жұмыссызық пен кедейлік деңгейі, инновациялық даму индексі, бәсекеге қабілеттілік индексі және экономикалық тұрақтылық пен өмір сапасының индексі арқылы ғана нақты өсімді анықтауға болады. Осылайша, халықтың шынайы әл-ауқатын бағамдап, жөнге келтіруге мүмкіндік бар, – деп түйіндеді сарапшы.

Соңғы жаңалықтар