Қазақстан төрағалығы барынша мазмұнды әрі қызықты болды – Чжан Мин
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан ШЫҰ-ға төрағалық еткен кезінде түрлі салада 140-тан астам іс-шара ұйымдастырылды. Бұл туралы елордадағы Тәуелсіздік сарайында Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитін қорытындылаған ұйым бас хатшысы Чжан Мин айтты.

«2023 жылдың шілдесінен бастап ШЫҰ-ға төрағалық Қазақстанға өтті. Төрағалық ету кезеңінде қазақстандық тарап түрлі салада 140-тан астам іс-шара ұйымдастырды. Экономикалық, инвестициялық, көліктік, мәдени-гуманитарлық және экологиялық аспектілерге баса назар аударылды. Біздің ойымызша, Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығы өте мазмұнды және қызықты болды», - деді Чжан Мин.
Сонымен қатар ол Астанадағы ШЫҰ саммиті өте жемісті өткенін де баса айтты.
«Бүгінгі саммит өнімді, сындарлы және жемісті өтіп, ұйым қызметіне жаңа серпін берді және оның тарихындағы маңызды кезеңге айналды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты осы отырыстың сәтті өтуімен және жалпы ШЫҰ-ға жоғары деңгейде төрағалық етуімен құттықтағым келеді. Астана саммитінен кейін төрағалық эстафетасын Қытай тарапы қабылдады. Қытай ұзақ жылдар бойы ұйымның дамуына өз үлесін қосып келеді. Қытайлық әріптестерге жемісті және нәтижелі төрағалық етуді тілейміз. Біз Циндао қаласына 2024-2025 жылдарға арналған ШЫҰ-ның мәдени және туристік астанасы мәртебесінің берілуін құптаймыз», - деді Чжан Мин.