Қазақстан цифрлық құқықты Ата заңда бекіткен санаулы елдің бірі – заңгер
АСТАНА. KAZINFORM – 1 шілдеде күшіне енген жаңа Конституция елдегі цифрлық құқықтың сақталуын бекемдей түспек. Мұндай ойды Конституциялық Сот жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестің мүшесі Мирас Дәуленов айтты.
Оның сөзінше, Жаңа Ата заңда цифрлық құқық, киберқауіпсіздік, дербес деректер мен зияткерлік меншікті қорғауға ерекше назар аударылған.
– Қазақстан цифрлық құқықтың заманауи талабын конституциялық деңгейде реттеген әлемдегі алғашқы әрі санаулы елдің бірі болмақ. Мұндай норма бұған дейін Португалия, Бразилия және Доминикан Республикасының конституцияларында көрініс тапқан. Аталған елдерде дербес деректерді қорғау мен цифрлық құқықтарды қамтамасыз ету мәселесі конституциялық деңгейде бекітілген еді, – дейді заңгер.
Мирас Дәулетовтің пайымдауынша, мұндай қадам – цифрлық мемлекетті дамытуды стратегиялық басымдық ретінде таңдаған елдерге тән үрдіс. Көп мемлекетте цифрлық құқық ережесі тек жекелеген нормамен ғана шектеледі, ал Қазақстан құқықтық негізді Ата заңда бекітті.
– Мемлекет басшысы цифрлық құқыққа ерекше көңіл бөліп отыр. Үш жыл бұрын жарияланған Қазақстанды цифрлық мемлекет ретінде дамыту реформасы жеміс беруде. Жаңа Конституцияның қабылдануы бұл бағытқа жаңа серпін береді, – деп қосты спикер.
Маман қай Конституциялық реформаның қоғам өміріне ең көп әсер ететінін болжады. Оның айтуынша, Парламент пен жергілікті басқару жүйесіндегі өзгерістер шешуші рөл атқаруы мүмкін.
– Конституция қабылданғаннан кейін заңнамаларды жаңа ережелерге сәйкестендіру бойынша кешенді жұмыс жүргізіледі. Ең алдымен мемлекеттік құрылымда, сайлау жүйесінде және Парламент қызметі мен сот жүйесінде өзгеріс болады. Сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару, цифрлық құқық, дербес деректерді қорғау, азаматтардың қоғамдық өмірге қатысуына қатысты заңнамалық актілер қайта қаралады, – деп атап өтті Мирас Дәулетов.
Спикер алғашқы нақты нәтиже қажетті заңдар қабылданып, жаңа институттар жұмыс бастағаннан кейін-ақ байқала бастайды деген сенімде. Конституциялық реформаны толыққанды жүзеге асыру бірнеше жылға созылуы ықтимал. Өйткені құқықтық жүйе мен мемлекеттік басқару саласы Конституцияда бекітілген жаңа қағидаға кезең-кезеңімен бейімделуі қажет.