Қазақстан Үкіметінің дағдарыспен дұрыс күресіп жатқанын Халықаралық валюта қоры да мойындап отыр

АНА. Маусымның 16-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазір төрткүл дүниені, оның ішінде қазақ елін де «әлемдік қаржы дағдарысы қашан аяқталады» деген өзекті сұрақ мазалап жүр.

Қазақстан Үкіметінің дағдарыспен дұрыс күресіп жатқанын Халықаралық валюта қоры да мойындап отыр

Бастапқы белгілері 2007 жылдың жаймашуақ жазында білінген бұл дағдарыс дүниеге тым шапшаң тарады. Сөйтіп іс жүзінде әлемдегі барлық елдердің экономикасын шырмап, «есін шығарды». Сарапшылардың пікірінше, осы дағдарыс ауқымы жағынан бұрын-соңды болған дағдарыстарды әлденеше орап алады. Мамандар расында да қателеспепті. Қазіргі таңда жер бетінде дағдарыстың салқыны тимеген бірде-бір мемлекет жоқ. Әсіресе ол дамушы елдерге қарағанда дамыған елдердің экономикасына жойқын соққы болды. Нәтижесінде бұған дейін экономикасының іргетасы мығым саналған әлеуетті мемлекеттердегі аузын айға білеген алпауыт компаниялар бірінен соң бірі банкротқа ұшырады. Мыңдаған жұмыс орындары қысқарып, халықтың әлеуметтік көңіл күйіне қаяу түсті. Бұл көптеген мемлекеттерде, әсіресе Еуропа елдерінде, жергілікті биліктердің дағдарыспен күрестегі қауқарсыздығына қарсы ұйымдастырылған наразылық акцияларын жиілетті. Қысқасы, қос өкпеден қысқан дағдарыс іс жүзінде барлық елдердің Үкіметтерін төл экономикасының өн бойына басқаша қарауға мәжбүрледі.

Әлемдік экономикамен тығыз ықпалдасқандықтан Қазақстан да дүниені дүрліктірген бұл дағдарыстан тысқары қалған жоқ. Сырттан келетін инвестициялардың, сондай-ақ өзге де қаржылық ресурстардың тапшылығы жағдайында біздің еліміздің де экономикасы белгілі бір қиындықтармен бетпе бет келді. Алайда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстан Үкіметі алғашқылардың бірі болып дағдарысқа қарсы шараларды қабылдап, онымен күрестің тиімді тетіктерін әзірледі және оны тиімді жүзеге асыра бастады. Дағдарыс кезінде экономиканы қолмен басқару режіміне көшіп, ағымдағы жағдайға апта сайын, тіпті күнделікті мониторинг жасауға көшті. Мемлекет дағдарыстың кесірінен қиындыққа тап болған экономиканың нақты секторларына қолдау көрсетіп, оларға Ұлттық қордан ауқымды қаржы бағыттады. Бүгінде бөлінген қаржылар діттеген жерлеріне жетіп, экономиканың ертеңіне, елдің игілігіне жұмыс жасап жатыр. Елбасы биылғы Жолдауында, сондай-ақ «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс 12-ші құрылтайында Үкіметтің алдына дағдарыспен күрестің жаңа міндеттерін жүктеп қана қоймай, одан кейінгі кезеңде серпінді дамуды қамтамасыз ететін басым бағыттардың бағын ашудың жолдарын көрсетіп берді. Міне осы айтылған және басқа да кешенді шаралардың, дер кезінде қабылданған дұрыс шешімдердің арқасында ел экономикасы бәлендей күйзелмеді. Бүгінде экономиканың келешекте екпінді дамуын қамтамасыз ететін іргетас қаланып жатыр.

Жақында Президенттің Ақордада Үкімет мүшелерімен өткізген кеңесінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Қазақстан экономикасы дағдарыстың күрделі кезеңін еңсергенін, жыл басынан бері экономикада өсім белгілері біліне бастағанын, алғашқы жарты жылдықтың қорытындысы бойынша оң нәтижелер туралы айтуға мүмкіндік туып қалатынын атап көрсетті. Жалпы Қазақстан Үкіметінің дағдарысқа қарсы қабылдап, жүзеге асырып жатқан шаралары ТМД кеңістігінде ғана емес, әлемдік деңгейде мойындала бастады. Сарапшылар Достастық елдерінің ішінен дағдарыстан басқаларына қарағанда Қазақстан бірінші болып шығатынын айтуда. Аузы дуалы сарапшылардың мұндай пікірін Халықаралық валюта қорының реттеуші-директоры Доминик Стросс-Кан мырза да қостап отыр. Күні кеше Қазақстанға сапармен келген ол, Үкімет үйінде Премьер-Министр К. Мәсімовпен кездесіп, келіссөздер жүргізді. Содан кейінгі баспасөз мәслихатында Д. Стросс-Кан Орталық Азия елдеріне сапарын Қазақстаннан бастап отырғанына айрықша тоқталды. «Орталық Азия әлемдегі маңызды аймақ. Осы аймақтағы елдер дағдарыспен қалай күресіп жатқанын көзбен көруге бел буып, сапарымды Қазақстаннан бастағанды жөн көрдім. Себебі, Қазақстан бұл өңірдегі жетекші мемлекет», деді өз сөзінде мәртебелі мейман. Оның пайымдауынша, әлемдегі басқа да елдердің экономикасы сияқты Қазақстан экономикасы да дағдарыстан тысқары қала алмады. Егер Қазақстан Үкіметінің қабылдап жатқан барлық шаралары нәтижесін берсе, онда 2009 жылы ел экономикасының алдында тұрған күрделі міндеттер шешілетін болады. Халықаралық валюта қоры 2010 жылдың бірінші жартысында әлем экономикасы көтеріледі деп болжап отыр. Бұл ретте Қордың сарапшылары оның ізін ала Қазақстан экономикасы тез қалпына келетініне нық сенімді.

Жалпы бұл дағдарыстың пайда болуының негізгі себептердің бірі сырттан келетін капитал ағынының шектелгенімен байланысты. Қазір қаржы тартуға қауқарсыз мемлекеттер экономикасының шырайын қайтіп келтірерлерін білмей дал болып жатқан жайы бар. Жылдар бойы жүргізілген сауатты экономикалық саясатының арқасында Қазақстан бұл кедергіні де тиімді еңсеріп келеді. Елімізде шетелдік инвесторлардың алаңсыз жұмыс істеуін қолайлы жағдай жасалған, барлығы заңнамалық тұрғыдан реттелген. Мұндай ұтымды тұстар біздің елге шетелдік капиталдың ағынын дағдарыс жағдайында да шектеп отырған жоқ. Бұл қазіргі кезеңде шынында да аса маңызды болып отыр. Басқасын айтпағанда Елбасының жуырда Қытайға жасаған сапары кезінде еліміз экономикасына 10 млрд. доллар көлемінде инвестиция тарту жөнінде келісімге қол жеткізілгені белгілі. Сөзінің арасында Д. Стросс-Кан Қазақстан Үкіметінің капитал ағынын қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдап жатқанына қуанатынын жасырмады. «Қытайды қосқанда, елдің бәрі әріптестер іздестіруде. Бұндай шаралар Халықаралық валюта қоры тарапынан да Қазақстан экономикасына шетелдік инвестициялардың көлемін бұрнағы жылдардың деңгейінде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деді ол. Өз кезегінде Премьер-Министр К. Мәсімов Үкімет Халықаралық валюта қорының басшылығының Қазақстанға сапарына айрықша маңыз беретінін атап көрсетті. Үкімет басшысының айтуынша, Қазақстан Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Халықаралық валюта қорымен тығыз ынтымақтастық орнатты, бұл өз кезегінде елімізге экономиканың барлық секторларында іс жүзінде терең құрылымдық реформалар жүргізуге мүмкіндік берді. «Әлемдік қаржы дағдарысына қарамастан, макроэкономикалық жағдай Қазақстанға Халықаралық валюта қоры тарапынан қаржы ресурстарын тартпауға мүмкіндік беруде. Алайда, сонымен бір мезгілде дағдарысқа қарсы бағдарламаны дайындап, жүзеге асыруда Қормен консультациялар жүргізгенді және одан техникалық көмектер алғанды өте маңызды деп санаймыз», деді К. Мәсімов. Премьер-Министрдің айтуынша, Үкімет Қазақстанның дағдарыстан кейінгі жаңа қаржылық құрылысының тұжырымдамасын Халықаралық валюта қорымен бірлесіп әзірлеуді қалайды. «Біз халықаралық қаржы әлемінің бір бөлшегі болғымыз келеді және солай болып қалуды қалаймыз. Халықаралық валюта қорының қолдауынсыз мұны істеу айтарлықтай қиын», деді Үкімет басшысы.

Кеше Ресей Үкіметі төрағасының орынбасары, Ресейдің Қаржы министрі Алексей Кудрин Халықаралық валюта қорының ресурстарын ұлғайту үшін Бразилия, Ресей және Қытайдың жарналарын ескергенде, Қорға қатысушы мемлекеттер 400 млрд. долардан астам қаржы жинағанын мәлімдеді. Қорға Үндістан да жарна қосуды көздеп отырса керек. Әлемдік қаржы дағдарысымен күресу үшін қорды ұлғайту туралы шешім «үлкен жиырмалықтың» үстіміздегі жылғы сәуірде Лондонда өткен саммитінде қабылданғаны белгілі. Халықаралық валюта қорының әлемдік деңгейдегі осындай беделін ескеретін болсақ, Қазақстан үшін онымен тығыз ынтымақтастық орнату, орнатып қана қоймай консултациялар алып, тәжірибе алмасу қандай кезеңде болмасын тиімді болмақ. Бұл қордың басшылығында, жалпы құрылымында экономика мен қаржы жүйесінің майын ішкен майталман мамандардың жұмыс істейтіні екі бастан белгілі. Мәселеге, осы көзқарас тұрғысынан келсек, Д. Стросс-Кан мырзаның айтқан уәждерінің бос сөз еместігі айдан анық. Демек бұдан біздің Үкімет дағдарыспен дұрыс күресіп жатыр деген ой түюге әбден болады.