Қазақстан университет ашу үшін АҚШ пен Үндістан оқу орындарын зерттейді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда жасанды интеллектке арналған арнайы университет ашу мәселесіне Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пікір білдірді.

— Тапсырманы қабылдап, барлық нұсқаны зерттеп жатырмыз. Университеттің қай жерде және қандай үлгіде ашылатынын қазір нақты айту қиын. Әлемдік тәжірибеде түрлі модель бар. Мәселен, Біріккен Араб Әмірліктерінде Мұхаммед бен Заид атындағы жасанды интеллект университеті ғылыми-зерттеуге бағытталған. Онда тек магистратура мен докторантура деңгейінде білім беріледі. Ал Үндістанда ашылған университет тек бакалавриатқа маманданған. Ол оқу орнына түсетін студенттер «мен болашақта миллиардер боламын» деген мақсатпен келеді. Біз осы тәжірибелердің барлығын сараптап, Қазақстанға ең тиімді үлгісін енгіземіз. Осы мақсатта АҚШ пен Үндістандағы жобаларды да зерделейміз, — деді министр.
Министрліктің мәліметінше, жаңа оқу орнының тұжырымдамасы дайындалған соң, оның құрылымы мен бағыттары анықталатын болады.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке жасанды интеллект негізінде әзірленген ұлттық онлайн-платформаны іске қосуды тапсырған болатын.