Қазақстан үш жыл бойына бизнесті жүргізу жағдайын реформалау бағдарламасын жүзеге асырып, 4 реформаны өткізді - ХҚК сарапшысы
АСТАНА. 12 қараша. ҚазАқпарат - Бүкіләлемдік банк пен Халықаралық қаржы корпорациясы жүргізген зерттеулер бойынша, бизнесті жүргізу жағдайы жөнінен өзге елдер рейтингінде Ресейдің үлес салмағы тағы да өте төмен. Бюрократиялық үдерістерді оңтайландыруға бағытталған өткен жылғы реформаларға қарамастан, елдегі бизнес әлі де күрделі әрі жалпы экономиканың әлсіз жері болып отыр,
деп жазады Pmoney.ru сайты.
Атап өтер мәселе, ББ «Doing Business 2011» зерттеулерінің нәтижелерін жалпы алғанда жақсы бағалап отыр. Зерттелген 183 елдің 117-сі биыл 126 реформаны жүзеге асырды, деп нақтылайды банк.
Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдері арасында Қазақстан көш бастап келеді. Зерттеуде аталып өтілгендей, Қазақстан 4 реформа өткізіп, бір жылда 74 орыннан 59 орынға көтеріле алды. ХҚК сарапшысы Светлана Багаудинова Қазақстан бизнесті жүргізу жағдайын реформалау бағытында үш жыл бойы жұмыс атқарды, деп атап өтті. Экономикалық дағдарысқа байланысты ол шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға басты назар аударды.
Сонымен қатар, аймақта міне екінші жыл қатарынан реформалау саласында қарқынды дамып келе жатқан елдер ондығының қатарында Тәжікстан да келеді, деп қосты С.Багаудинова. Сонымен қатар ол егер жалпы әлемдік үдеріске қарайтын болсақ, зерттеу барысында алдыңғы үш орынды иеленген көшбасшылар бай елдер, ең алдымен Батыс Еуропа елдері, сонымен қатар Сингапур, Гонконг пен Жаңа Зеландияның алда келе жатқанын атап өтті.
«Doing Business» зерттеулері аясында кәсіпкерлік қызметті реттеудің 10 көрсеткіші бойынша елдерді маңызына қарай бөлу жүзеге асырылады. Бұл көрсеткіштер жаңа кәсіпорынды құру, құрылыс салуға рұқсат беру, жұмыскерлерді жалдау, меншік құқығын тіркеу, несие алу, инвесторлар құқын қорғау, салық төлеу, халықаралық сауданы жүзеге асыру, келісімдердің орындалуын қадағалау (шағын және орта кәсіпорындардың қызметіне қолданылады) сынды реформаларда мемлекет талаптарын ұстануға қажетті қаржылық шығын мен кеткен уақытты есепке алады.