Қазақстан үшін Бөкей хандығының орны бөлек - Б.Сапарбаев

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлытау төрінде берген сұхбатында атап өткеніндей, қазақ тарихы ғұндардан басталып, көк түріктермен жалғасып, Алтын ордада орнықты.
None
None

Одан әрі қазақ хандығымен ұласып, тәуелсіздікке келіп тірелді. Көшпелі тайпаларға бөлінгенде, еліміз бен жерімізді сақтап қалуда хандарымыз бен батырларымыз аз еңбек сіңірген жоқ. Керей, Жәнібек, Есім, Тәуке, Әбілқайыр, Бөкей, Жәңгір хандардың негізгі мұраттары осы халықты, елді сақтап қалу болатын. Соның арқасында қазақ халқы тарих қойнауында қалған жоқ, іргелі елге айналды. Соның ішінде Батыс Қазақстандағы Бөкей хандығының орны бөлек. Бұл туралы бүгін Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылындағы мәдениет үйінде өткен «Тарих қойнауынан қазіргі заманға дейін» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев мәлім етті.

Бердібек Мәшбекұлының айтуынша, он тоғызыншы ғасырдағы қазақтың соңғы хандары Бөкей мен Жәңгір билеген хандық қазақ мемлекетінің қалыптасуына, әсіресе, сол елдегі саясаттың, экономиканың, мәдениеті мен өнері, білімінің дамуына үлкен үлесін қосты. Қазақстандағы тұңғыш мектеп, қазынашылық үйі, дәріхана, кітапхана осында ашылған. Исатай мен Махамбет, Сырым батырлар ат ойнатып, жерін жаудан қорғады. Ел мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Құрманғазы, Дәулеткерей, Динадай күйшілер, тұңғыш коммунист әйел Алма Оразбаева, мемлекет және қоғам қайраткері Сейтқали Меңдешевтей бірегей тұлғалардың осы жерден шығуы бекерден-бекер емес. Мұның бәрі осы өлкенің киелі де қасиетті мекен екендігін дәлелдейді. Жалпы, қазақтың қай жерін алсаңыз да, тарихқа тұнып тұр.

«Елбасы тапсырмасына сәйкес Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту жөнінде Үкіметте арнайы комиссия құрылды. Соған орай жыл басынан бері елімізде көптеген іс-шаралар атқарылуда. Мұндағы басты мақсат - қазақ елінің тамыры тереңде жатқандығын тек қазақстандықтар ғана емес, күллі дүние жүзіне таныту. Бұл жерде атап айтатын жайт, қазақ мемлекетінің тарихын елімізде тұрып жатқан сан ұлт өкілдері де білуі керек. Негізгі байлығымыз да - елдің ішіндегі бірлік, ынтымақ пен достық. Сондықтан Қазақ хандығының 550 жылдығы тек Астана мен Таразда ғана өтпей, бүкіл елді мекенді қамтуы қажет. Сол арқылы біз тарихымызды, салт-дәстүрімізді, мәдениетімізді басқа ұлттарға ұғындыра түсеміз. Қазақ мемлекетінің ұшар бастауында тұрған Түркістан, Сығанақ, Ұлытау, Қызылжарда осындай ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізілді. Сондай-ақ отыз мемлекетте елшіліктердің қолдауымен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған іс-шаралар ұйымдастырылды. Қазақ хандығының 550 жылдығы - руханият, тарих тойы. Негізгі іс-шаралар 11 қыркүйекте Астанада түркі тілдес мемлекеттер басшыларының қатысуымен болатын саммит аясында өтпекші. Содан кейін 9-10 қазанда Тараз қаласында жалғасын табады. Жәнібек пен Керей хандардың ту тіккен жері осы Жамбыл облысы аумағында екені баршаға мәлім. Бұл ұлы тойға барлық өңірлер, соның ішінде Батыс Қазақстан облысы да Тараздағы Мыңбұлақта құрылыс салып, үлес қосуда. Ең бастысы, Елбасымыз айтқанындай, Мәңгілік ел бола алатынымызды тарихымыз бен бүгініміз және болашағымыз арқылы дәлелдей білуіміз керек», - деді Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атап өткеніндей, ел азаттығын аңсап, сол жолда қанын да, жанын да аямаған хандарымыз бен батырларымыздың, барлық арыстарымыздың есімдерін қастерлей білу - бүгінгі ұрпақ парызы. Осы конференцияда да Қазақ хандығының тарихына байланысты тың тақырыптардың қозғалып, бұрын естімеген деректердің айтылатыны сөзсіз.

Жиында Мәскеуден келген Ресей Ғылым академиясы шығыстану институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Александр Қадырбаев, БҚО тарих және археология орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сыдықов, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Қазақ мәдени ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, алматылық ғалым Ирина Ерофеева, РҒА Уфа ғылыми орталығы тарих, тіл және әдебиет институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Болат Азнабаев және басқалары Қазақ елінің тарихы жөнінде мазмұнды баяндама жасады.

Ғылыми-тәжірибелік конференция ертең Орал қаласында жалғаспақ.

Соңғы жаңалықтар