Қазақстан ұшқышсыз басқарылатын аппараттар бойынша қай елдермен келіссөз жүргізді

Ұшқышсыз аппарат
Фото: GOV.KZ

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі ұшқышсыз басқарылатын аппараттар өндірісін құру жоспары туралы түсінік берді, деп хабарлайды Kazinform.

«Ұшқышсыз басқарылатын аппараттарды шығару бағытана тоқталсақ, әскери-техникалық ынтымақтастық аясында қорғаныс өнеркәсібі кешенінің отандық кәсіпорындары Түркия, Қытай, Израиль, Оңтүстік Корея және басқа да елдердің жетекші компанияларымен бірлесе бірқатар жобаны жүзеге асырып жатыр. Бұл тұрғыда түрлі үлгідегі ұшқышсыз басқарылатын аппараттарын өндіру және оларға қызмет көрсету жөніндегі технологияларды игеру жобалары қамтылған», - делінген Өнеркәсіп министрлігінің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Сонымен қатар, қорғаныс өнеркәсібі кешеннің жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарында мықты мамандардың және өндірістік қуаттардың қамтамасыз етілуіне байланысты жақын арада ұшқышсыз аппараттарды шығаратын жаңа зауыттар салу қарастырылмаған.

«Қазақстан Республикасының аумағында («Қазақстан инжиниринг» ЖШС, «Kaz Tech Innovations» ЖШС, «Bet Sky» ЖШС, «SC Tech» ЖШС, «Smartplane» ЖШС және басқалары) бірқатар кәсіпорын бар екенін атап өткен жөн. Олар өз күшімен ішкі нарыққа да, экспортқа да әскери және қосарлы мақсаттағы ұшқышсыз басқарылатын аппараттарын даярлау және өндіру бойынша жұмыстарды атқарып жатыр», - делінген аталған ведомствоның ақпаратында.

Соңғы жаңалықтар