Қазақстан жаңа өнеркәсіпті елдердің көшбасшысы бола алады

АНА. Шілденің 15-і. ҚазАқпарат /Кенжеболат Жолдыбай/ - Кімнің болса да басы артық заты жоқ, бәрі өз ретімен жайғасқан, барынша адамның игілігіне бейімделген жәйлі үйде тұрғысы келеді. Дегенмен жұрттың бәрі мұндай мамыражай тұрмыс кешуге икемді емес. Өйткені, ол табиғи дарындылықты және көп нәрсені үйреніп игеруді қажет етеді. Сондықтан, ежелгі гректер мұны «экономика», яғни үйді, шаруашылықты басқару өнері деп таныған.

Қазақстан жаңа өнеркәсіпті елдердің көшбасшысы бола алады

Осы ретте Қазақстанды әлемнің басқа мемлекеттерінен ерекшелендіріп тұрған бір тұс бар. Ол Қазақстан экономикасының тиісті дәрежеде сауатты құрылғаны және кез келген сынаққа төтеп беруге қабілеттілігі өте жоғары екендігі жөніндегі бірқатар әлемдік халықаралық институттардың беріп отырған бағасы. Жақында ғана республиканың бұқаралық ақпарат құралдары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Үкіметтің дағдарысқа қарсы бастамаларын әлемдік зияткер қауымның жоғары бағалап, біздің мемлекетімізді бұрынғы кеңестік кеңістіктегі болашақ неғұрлым ықтимал қаржы орталығы ретінде қабылдап отырғанын жазды. Мәселен, Ресейдің «Дағдарыстан кейінгі әлем институты» қоры әлемнің 51 елінің 223 сарапшысының сауалдамасына сілтеме жасай отырып, Қазақстанның бүгінде дағдарыстан кейінгі әлемдегі «жаңа басты кейіпкерге» айнала бастағанын ескертеді.

Бұл кездейсоқ емес. Біздің еліміз ТМД-да ең алғашқылардың қатарында дағдарысқа қарсы бағдарлама қабылдап қана қоймай, оны жүзеге асыруға барынша мол қаржы салды. Міне осындай нағыз шешуші тұста кезінде жинақталған қаржының көмегі тиді. Соның арқасында Қазақстан дағдарыс ауыртпалығын аса сезіне қойған жоқ. Қазір белгілі болып отырғандай, әлемде 50 мемлекет банкроттық шегіне жетсе, енді бірқатары банкротқа ұшырады. Қазақстанның болашақта аймақтық қаржы орталығына айналу мүмкіндігіне мына бір факторлардың да елеулі әсер еткені анық. Біріншіден - Президент Н.Назарбаевтың әлемдік қаржы жүйесін реформалау туралы бастамасы. Екіншіден - біздің 2007-2009 жылдарға арналған дағдарысқа қарсы саясатымыздың табыстары. Үшіншіден - Қазақстанның Халықаралық валюта қорына тәуелді еместігі. Төртіншіден - Қазақстан Республикасының сыртқы саясатының бейбіт доктринасы мен көпбағыттылығы. 

Бір сөзбен айтқанда, қазір біздің еліміздің жаңа өнеркәсіпті елдердің көшбасшысы болуына толық мүмкіндігі бар. Осы бір ахуалды ескере отырып Қазақстан экономикалық ресурстардан инновациялық экономикаға көшуге бет бұруда. Нақты іс-қимылдар да жоқ емес. «Жаңа индустрияландыру» президенттік бағдарламасы соның бір куәсі іспетті. Жаңа индустрияландыру саясатының ерекшелігі сол, ол бірден-бір инновациялық бағытта өрбиді, ал бұл ел экономикасын жалпы әлемдік тұрақсыздық жағдайында шапшаңырақ қалпына келтіруге игілікті ықпал ететін болады. Оған мына мысалдар куә. 2008 жылы республиканың барлық аймақтарында қаржыландырудың барша көздері есебінен 246 млрд. теңгенің 154 инвестициялық жоба пайдалануға берілді. Іске қосылған өндірістерде 11663 жұмыс орындары ашылды. Бүгінгі таңда жалпы сомасы 7,5 трлн. теңгені құрайтын, құны 5 миллионнан астам доллардың 97 ірі жобасының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Осыған орай  42 мың жұмыс орындарын ашу жоспарланып отыр. Биылдың өзінде 97 жобаның 378 млрд. теңгеге жуық қаржыны құрайтын 26 жобасы іске асуға тиіс. Бұл туралы, үстіміздегі жылғы 3-ші шілдеде Елбасы Н.Назарбаев пен Премьер К.Мәсімовтің қатысуымен өткен «телекөпір» барысында айтылды да. Онда телекөрермендер «тікелей эфир» арқылы еліміздің аймақтарында жаңа өндірістердің іске қосылуының куәсі болды, сондай-ақ, аймақтардың инновациялық дамуының белгіленген жоспарлары жайлы нақты ақпараттар алды. Солардың кейбіріне анықтама бере кетсек.  

Мәселен, Астана қаласындағы локомотив құрастыру зауыты құрылысы арқасында Қазақстан Республикасымен қатар таяу шет елдердің темір жол саласының да  заманауи магистральдық локомотивтер жөніндегі қажеттері қамтамасыз етілмекші.

ТМД елдері үшін жаңа, күйдірілген жентек өндірісінің инновациялық технологиясын енгізу қордаланған ұсақ рудалар қорларын өнеркәсіптік игеру  және Қазақстанның ферроқорытпа зауыттары үшін кесек рудалар жеткізілімі жеткіліксіздігін қысқарту пробемаларын шешуге мүмкіндік береді.

Жаңа металл прокаты зауытын пайдалануға беру Қазақстандағы және ТМД елдеріндегі темір рудасы шикізатын дайындайтын ірі кәсіпорын - Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігінің мұқтажын өнімдермен толық қамтамасыз етуге жол ашады.

Мұның бәрі, сайып келгенде, біздің ұлттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз ете отырып, барлығымыз үшін жаңа мүмкіндіктер туғызатынын және ең маңыздысы - Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыра түсетінін байқау қиын емес. Көріп отырғанымыздай, бұл жобаларды жүзеге асыруда мемлекеттің рөлі айтарлықтай қомақты болмақ. Ол түсінікті де. Өзге де державалар сияқты, мемлекетіміз экономикадағы қиғаштықтарды еңсеру үшін жауапкершіліктің бір бөлігін мойнына алып отыр. Осыған байланысты жаңа жылдан бастап мемлекеттік жоспарлау жүйесі енгізіледі, атап айтқанда индустрияландырудың алғашқы бесжылдығы басталады. Бұл экономиканың нарықтық ұстанымынан алшақтауын білдірмейді, өйткені мемлекет ешқашан да шаруашылықты жүргізудің либералдық бағытынан ауытқымайды. Соның нақты бір көрінісі ретінде, бүгін шағын және орта бизнесті инфрақұрылым, энергетика салаларындағы ірі жобаларға қатыстырудың әртүрлі нұсқалары көзделуде. Нәтижесінде, бұл қадам дағдарыстан кейінгі кезеңде өндіріс пен кәсіпкерлікті дамытудың сенімді базасы болмақшы.