Қазақстан жаңартылатын энергетика нарығына жағымды кезеңде еніп отыр - Н. Қаппаров

Бүгін Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров осылай мәлім етті.
«Алдағы жылдардағы біздің басты міндеттеріміздің бірі - «Жасыл» экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдаманы сәтті іске асыруға күш біріктіру. «Қазақстан-2050» стратегиясына сәйкес, Елбасы энергияның балама және жаңартылатын көздерін дамытуды жүктеді. Бұл энергияның тұтыну үлесі 2050 жылға қарай жалпы жиынтықтың тең жарымына жетуі керек. Осы бағытта жаңартылатын энергия көздерін табысты дамыту үшін арнайы заң да қабылданды. Жалпы, біз жаңартылатын энергия секторын дамытуда басқарусыз траекториямен кеткен жекелеген еуропалық елдердің кемшілігін қайталамайтын боламыз. Сондықтан да, қабылданған заң секторды қадағалауға мүмкіндік береді», - дейді Н. Қаппаров.
Министрдің сөзіне қарағанда, Қазақстан жаңартылатын энергетика секторы нарығына жағымды кезеңде еніп отыр. «Нарыққа бірінші болып кірген Германия, Испания секілді елдер Еуропадағы пісіп-жетілмеген технологиялардың ірі салымшылары болып қалған еді. Ондай нысандардың құны соңғы онжылдықта айталықтай түсіп кетті. Осы елдердің жүріп өткен тәжірибелерімен салыстыра отырып, құны айтарлықтай тұрақтанған технологияларды дамыту бойынша бізде таңдау мүмкіндігі бар», деді Н. Қаппаров.