Қазақстан жасанды интеллектіні жедел енгізбесе, бәсекеден қалып қоюы мүмкін – маман пікірі

АСТАНА. KAZINFORM – Әлемде жасанды интеллект технологиялары өте жоғары қарқынмен дамып келеді. Егер Қазақстан бұл бағытта жедел қадам жасамаса, болашақта жаһандық үрдістерден қалып қою қаупі бар.

Әлібек Полатов
Фото: видеодан алынған скрин

– Біз қазір тез дамымайтын болсақ, жасанды интеллектті мемлекет деңгейінде жүйелі түрде енгізбесек және осы салаға қаржы тарта алмасақ, ертең үлгермей қалуымыз мүмкін, – деді Shai.pro жасанды интеллект жобасының негізін қалаушы Әлібек Полатов Jibek joly телеарнасының Бүгін LIVE бағдарламасында.

Оның сөзінше, Мемлекет басшысының жасанды интеллекттің дамуына ерекше мән беруі өте орынды қадам. Себебі мемлекеттік ұйымдармен, бизнес өкілдерімен және клиенттермен жұмыс барысында көпшіліктің ЖИ мүмкіндіктерін толық түсіне бермейтіні байқалады.

– Көп адам жасанды интеллектті қалай және қай жерде қолдану керек екенін, оның нақты тиімділігі қандай екенін білмейді. Егер біз оны өз стратегиямызға жүйелі түрде енгізбесек, қазақстандықтардың басым бөлігі бұл технологияны пайдаланбай қалуы мүмкін, – деді маман.

Осы орайда ол жасанды интеллектті ең алдымен квазимемлекеттік секторда, мемлекеттік ұйымдарда және бизнес саласында енгізу қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар барлық деңгейдегі қызметкерлерді арнайы оқыту маңызды екенін айтты.

Әлібек Полатовтың айтуынша, Қазақстанда жасанды интеллекттің дамуына кедергі келтіріп отырған негізгі мәселелердің бірі – деректердің сапасы мен олардың әртүрлі ведомстволарда шашыраңқы күйде сақталуы.

– Егер деректерді бір орталыққа жинап, оларды стартаптар мен жаңа жобаларға ашық етсек, отандық командалар жасанды интеллектті пайдалана отырып, сапалы әрі тиімді өнімдер ұсына алады, – деді ол.

Бұл бағытта Astana Hub экожүйесінің рөлін ерекше атап өткен сарапшы, осындай алаңдар деректерді жүйелеп, стартаптарға қолжетімді етсе, елімізде жасанды интеллектті енгізу үдерісі әлдеқайда жылдам жүретінін айтты.

Сондай-ақ ол 2025 жылдың басынан бері көптеген квазимемлекеттік ұйымдардың shai.pro командасына өздері хабарласа бастағанын айтты. Бұған негізгі себеп білікті кадрлардың жетіспеушілігі.

– Қазақстанда шетелде ірі компанияларда жұмыс істеп, күрделі бағдарламаларды енгізу тәжірибесі бар мамандар аз. Олардың көбі шетелде еңбек етеді және ол жақта сұраныс жоғары болғандықтан, жұмысынан босатылмайды, – деді жоба негізін қалаушы.

Маманның пікірінше, экономиканың жедел дамуына жасанды интеллект пен цифрландыру негізгі қозғаушы күш бола алады. Оның айтуынша, бұл тұрғыда әр аймақтың ұстанымы әртүрлі.

– АҚШ-та алдымен технология енгізіліп, кейін оны реттеу тетіктері қалыптасады. Ал Еуропада керісінше әуелі реттеу жүргізіліп, содан соң ғана жаңа шешімдер іске асады. Қазақстан болса эксперимент жасауға дайын, тез бейімделе алатын ел ретінде ерекшеленеді, – дейді сарапшы.

Осы артықшылықты тиімді пайдалана отырып, Қазақстан қысқа мерзім ішінде жасанды интеллект саласында қарқынды дами алады. Маманның пікірінше, елдің Орталық Азия өңірінде AI-хабқа айналуына толық мүмкіндігі бар. Бұл өз кезегінде ірі технологиялық жобаларды іске асырып қана қоймай, отандық өнімдерді халықаралық нарыққа шығаруға жол ашады.

Еске салсақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан жағдайында цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу ішкі жалпы өнімге 14 миллиард доллардан 20 миллиард долларға дейін кіріс әкелуі мүмкін екенін айтқан еді.

Бұған дейін Қазақстанда денсаулық сақтау саласында жасанды интеллект дәрігерді алмастыратын құрал ретінде емес, медициналық шешім қабылдауды қолдайтын тиімді көмекші ретінде қарастырылып отырғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар