Қазақстан жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында жүйелі шаралар жүргізуде - Білім және ғылым министрлігі
АСТАНА. Қыркүйектің 25-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Жастар қоғам өмірінің барлық саласына белсенді араласады. Алайда бәсекелестік жоқ жерде қандай да бір нәтиже жөнінде әңгіме қозғаудың өзі артық.
Бүгінде негізгі екі бағытта жүргізіліп отырған Қазақстан Үкіметінің жастар ісіне қатысты саясатының негізгі бағыты осы бәсекеге қабілеттілікті арттырумен байланысты.
Бұл туралы бүгін Азиялық саяси партиялардың халықаралық конференциясының 5-ші Бас Ассамблеясының аясында өтіп жатқан «Жас саяси көшбасшылардың рөлі» атты секция барысында Білім және ғылым министрлігінің тәрбие жұмысы және жастар саясаты департаментінің директоры Ерлан Әукенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзінше, еліміздегі жастарға қатысты жүргізіліп отырған саясаттың екінші бағыты жастарды саяси мақсаттарға пайдалану болып табылады. «Жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру оларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау арқылы жүзеге асырылуда. Яғни, біз оларды тұрғын үймен қамтамасыз етіп, білім алуларына жағдай жасауға тырысудамыз. Бүгінде елімізде жастардың жоғары білім алуы үшін жылына 35 мың грант бөлінеді. Сондай-ақ Президент шәкіртақысының негізінде дарынды жастар әлемнің ең танымал деген оқу орындарына оқуға жіберіледі. Мемлекет жастарды медициналық қызметпен де тегін қамтамасыз етеді. Мұндай шаралардың барлығы жастардың қатысуымен елде жүргізіліп отырған бірнеше мемлекеттік бағдарламаның нәтижесінде мүмкін болып отыр», деді департамент директоры.