12:11, 04 Қыркүйек 2009 | GMT +5
Қазақстан жастары конгресі еліміздің 5 аймағында жемқорлықпен күреске бағытталған республикалық ғылыми-тәжірибелік конферециялар ұйымдастырмақ
АСТАНА. Қыркүйектің 4-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қазақстан жастары конгресінің Мемлекеттік қызмет істері мектебі Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен еліміздің 5 аймағында сыбайлас жемқорлықпен күреске бағытталған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциялар ұйымдастырмақ.
Аталмыш шаралар ағымдағы жылдың қазан және қараша айларының аралығында өтеді. Осыған орай қыркүйекте жоғары оқу орындарының студенттері арасында жемқорлықпен күрес бағытында жазылған баяндамалардың байқауы ұйымдастырылады. Байқау нәтижелері бойынша үздік баяндамалардың авторлары Мемлекеттік қызмет мектебінің арнайы дипломдары мен мақтау қағаздарымен марапатталады. Сондай-ақ үздік туындылар мен конференцияда жасалған баяндамалар негізінде жемқорлықпен күреске бағытталған әдістемелік оқулықтар дайындалады. Бұл оқулықтардың барлығы кейіннен мемлекеттік құрылымдар мен жоғары оқу орындары арасында таратылады. Конференцияны ұйымдастырушылар аталмыш шара арқылы жастарды жемқорлық әрекеттерінен ада болуға шақырмақ.