Қазақстан жеңіл атлетикадан Азия чемпионатында төртінші алтын медальді жеңіп алды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық жеңіл атлет Виктория Ан Ташкентте өтіп жатқан Ашық Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Sports.kz.

Қазақстан жеңіл атлетикадан Азия чемпионатында төртінші алтын медальді жеңіп алды
Фото: Sports.kz

Виктория Ан 100 метрге жүгіруде 11,85 секунд нәтижесімен бірінші орын алды. Өзбекстандық Лайло Аллаберганова 11,92 секунд көрсеткішпен күміс медаль иеленсе, Түрікменстан өкілі Валентина Мередова 12,09 секунд нәтижемен үшінші орынға тұрақтады.

Қазақстандық Маргарита Назаренко осы жарыста бесінші орын алды.

Осылайша, Қазақстан құрамасының қоржынында төрт алтын медаль бар. Бұған дейін Ұлболсын Есірке, Юлия Башманова және Алина Чистякова чемпион атанған еді. Анастасия Рыпакова күміс, ал Давид Ефремов, Антонина Чернышова және Ақбілек Құралбай қола медаль жеңіп алды.

Айта кетейік, қазақстандық Анна Черкашина жеңіл атлетикадан ел рекордын жаңартты.