«Қазақстан «жетімдер үйі» деген ұғымнан арылуы қажет» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 15 желтоқсан, сейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» газетінде Мәжіліс депутаты Гүлнәр Сейітмағамбетовамен болған сұхбат жарияланды.
«Жалпы, бұл - бізде ғана емес, әлемде алдыңғы кезекте тұрған проблема. Біздің мемлекет жетімдер үйіне барынша қамқорлық көрсетіп, балаларды тамақ, киім, біліммен қамтамасыз етіп келеді. Бірақ, жетімдер үйінен шыққан соң, ол балалар қоғамға кіріге алмай, әртүрлі ортаға тап болып жатады. Себебі, жетімдер үйінде балалар өз қолымен жұмыс істеуге бейімделіп өспейді, не тамақ дайындай алмайды, не киім тіге алмайды. Шешесі секілді назар салынбаған соң, олардың әртүрлі кедергілерге тап болып жатуы - заңдылық.
Қазақстан Бала құқықтары туралы конвенцияны ратификациялаған болатын. Сол конвенцияның бабы бойынша әрбір бала отбасында тәрбиеленуге құқылы. Сондықтан құжаттың шарттарына сәйкес алғашқы жылдары еліміз шетел азаматтарына жетім балаларды асырауға беруге мәжбүр болды. Екінші жағынан, дәл сол уақытта қоғамымыз жетімдерге көңіл бөлуге қазіргі күндегідей дайын емес еді. Әрине, кей кездері жүрегің қан жылайды, бірақ соның арқасында қазақ балалары отбасылы болды, мейірім көрді, ана құшағына жылынды, әке тәрбиесіне қанықты. Шетелдерде жүріп жақсы білім алып, қоғамға азамат болып кірікті. Өкініштісі - тілін, ділін ұмытты. Америка заңы бойынша, ата-ана асырап алған баласына ұлты, тегі туралы мәліметті айтуы тиіс. Яғни, болашақта мұхит асып кеткен қаракөздеріміз елге оралуы мүмкін.
Бүгін елімізде орта тап қалыптасты, байлар бар, артық ақшасын қайырымдылыққа бөлетін жандар көбейді. Қоғам қайраткерлері мен депутаттар жетімдер үйі болмауы керек деген ұсыныс қойып отыр. Әрбір баланы қазақстандық отбасының асырап алуына жағдай жасауымыз керек. Себебі, отбасы әлеуметтенудің алғашқы сатысы болғандықтан, балалар отбасында өсіп, пікірлері, көзқарастары, құндылықтары мен мінез-құлықтары отбасында қалыптаса бастайды. Бала үшін отбасы бір жағынан тіршілік көзі болса, екінші жағынан тәрбие ортасы. Сондықтан жыл сайын жетімдер үйіне бөлінетін қаржыны бала асырап алған отбасыларға көмек ретінде беру әлдеқайда тиімді болатыны анық», - дейді депутат. Осы жайында «Қазақстан «жетімдер үйі» деген ұғымнан арылуы қажет» деген сұхбаттан толық оқи аласыздар.
Бас басылымда «Биылғы «Алтын сапа» бұрынғыдан өзгешелеу» атты материал берілген. «Атамекен» Ұлт¬тық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізді. Ол жұма күні өткен мемлекеттік шара - «Алтын сапа» сыйлығын тапсыру рәсімдерінің қорытындылары жөнінде әңгімеледі.
Мемлекет басшысының «Алтын сапа» сыйлығын үздік кәсіпкерлерге тапсыру шарасын биыл тұңғыш рет «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырғаны мәлім. Сондай-ақ, Президент сыйлығын қай кәсіпорынға табыстау керектігін Үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінен құрылған комиссия анықтағаны тағы белгілі. Осының нәтижесінде, ағымдағы жылы «Алтын сапа» байқауына бөлінген бюджет қаржысы 30 пайызға үнемделіпті. «Жыл сайын бұл шараны өткізуге республикалық бюджеттен ақша бөлінеді. Ағымдағы жылы біз республикалық бюджеттен бөлінген қаржыны үнемдеп, оның 30 пайызын кері қайтардық. Бөлінген қаржыны барынша тиімді пайдалануға тырыстық», деді Н.Әлтаев.
Бұған дейін аталмыш сыйлыққа шағын және орта бизнес өкілдерінің қолы жетуі тым қиын болып келген болса, биылғы жылы олардың байқауға қатысып, өз мүмкіндіктерін көрсетуіне жол ашылғанын айтқан басқарма төрағасының орынбасары, шараның кәсіпкерлерге бір табан болса да жақындағанын меңзеп өтті. Байқаған болсаңыздар, биылғы жылы байқау жеңімпаздарын анықтайтын комиссияның құрамы да өзгеріске ұшырады. Егер бұған дейін комиссия құрамы шенеуніктерден, мемлекеттік органдар өкілдерінен жасақталса, ал биылғы жылы комиссияда кәсіпкерлердің өздері, салалық қауымдастықтар мен қоғам өкілдері болды», деген ол биылғы «Алтын сапа» сыйлығын тапсырудың өз өзгешеліктері болғанын жеткізді.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, Ресей Федерациясында Ресей білім академиясының Педагогика теориясы және білім беру философиясы бөлімі жанында Салыстырмалы педагогика ғылыми кеңесі жұмыс жасайды. Оның құрамында Ресей ғылыми мекемелері мен университеттерінің, ТМД және алыс шетелдердің ғалымдары бар.
Ғылыми кеңестің негізгі міндеттері Салыстырмалы-педагогикалық зерттеулердің методологиялық деңгейін, беделі мен практикалық маңыздылығын көтеру мақсатында Ресей жеріндегі салыстырмалы-педагогикалық зерттеулерді жүйелеу, педагог-компаративистердің өзара бірлесе жұмыс жасау жолдарын іздестіру, геосаяси шынайылықты ескере отырып, білім беру кеңістігін құру тенденцияларын зерттеу, халықаралық мекемелермен өзара қарым-қатынасты тереңдету болып табылады. Кеңестің іс-әрекетін кеңейту мақсатында 2015 ж. қараша айында ТМД және Балтық елдерімен жұмыс жасау үшін Ғылыми кеңес төрағасының орынбасары болып РБА-ның шетелдік мүшесі,педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ПҒА-ның академигі Құсайынов Асқарбек Қабыкенұлы сайланды. Әртүрлі елдердің педагог-компаративистерінің ынтымақтастығы өзара мәдени және ғылыми байланысты байытады, сонымен бірге басқа да гуманитарлық салаларда халықаралық қарым-қатынас жасаудың белгілі бір үлгісі болып табылады. А.Құсайынов - Қазақстанда салыстырмалы-педагогка ғылымының негізін салған ғалым, ол Бүкілдүниежүзілік салыстырмалы білім беру қоғамдар кеңесінің Атқарушы комитетінің мүшесі, Ресейдің 6 ғылыми журналының редколлегия мүшесі, оны Ресей Үкіметі Педагогика ғылымы саласындағы ерен еңбегі үшін К.Д.Ушинский атындағы медалімен марапаттаған. Бұл туралы « Қазақстандық ғалымның Ресейдегі мәртебесі» атты материалда басылды.
Осы гезетте Белгілі тарихшы, зерттеуші Берік Әбдіғалиұлымен болған сұхбат «Алаш сарбаздарының тізімі табылды» деген тақырыппен көпшілік назарына ұсынылып отыр. Зерттеуші Ресей архивтерінен тың деректерді, еш жерде жарияланбаған фотолар мен бейне материалдарды тауыпты. Ол қандай деректер? Оқырманға қызықты қандай жаңалықтар бар?
«1918-1920 жылдары болған Алаш милициясы, әскері туралы бұрыннан білеміз, ал «әскер қатарында кімдер болды, құрылымы қандай, басшылары кімдер, мақсаты не?» деген сауалдар көкейімізде жүр еді. Осыған жауап іздеп, соңғы екі жылда Ресей архивтеріне бірнеше экспедиция ұйымдастырдық. Негізінен, Мәскеу, Омбы, Томск қалаларына бардық. Экспедициямызға демеушілік көрсеткен - Арман Байқадам, Берік Уәли сияқты қазақтың мықты азаматтары. Экспедиция барысында үш жүзге жуық істер қаралып, жүзге жуық Алаш әскеріне қатысты жарияланбаған жаңа құжаттар табылды. Соның ішінде Жетісу майданындағы Алаш полктерінің тізімі де бар»,-дейді тарихшы. Осы жайында сұхбаттан толық біле аласыздар.
***
«Ана тілі» газетінің соңғы санында «Баянауылдағы тас мүсіндер қашанғы қорғаусыз қалады?» атты мақала жарияланды. «Сұлтанмахмұт көлінің жағасында сонау көне темір дәуірінен Сақ заманына дейін сақталған ескерткіштерді, тастағы таңбаларды, қолдан соғылғандай ғажайып тас мүсіндерді кездестіріп таңғалдым. Осылардың сырына қанықсақ қой деген ой тұрды көңілімде.
Ертеңінде Баянауыл ауылына барып, Бұқар жыраудан бастап, Мәшһүр-Жүсіп Көпеев, Жүсіпбек Аймауытов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұландардың, Баянауыл өңірінен шыққан генералдарға дейін, тіпті Меккеге қажылыққа барған, қамшысының өзі бес келі тартқан Төлебай секілді белгілі адамдардың да тізімдері жазылған тақталар мен тастан қашап жасалған ескерткіштер мен аллеяларды көрдім. Сырттай бәрін қарап шықтым. Бірақ, бұл ескерткіштер маған соншалықты әсер еткен жоқ. Қазақтың ұлы тұлғаларына арналған бұл тас мүсіндерді шаң басқан, бәрі қалай болса солай бір жерге жиналған, араларына арам шөптер де өсіп, бүгінгі заманнан бөлініп тұрғандай сезілді»,-деп жазады мақала авторы.