Қазақстан жол инфрақұрылымын дамытуға шамамен 1 млрд доллар тартады

АСТАНА. KAZINFORM - Мемлекет басшысының Брюссельге ресми сапары аясында «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ шетелдік кредиторлардан (Standard Chartered Bank, JPMorgan Chase Bank және Commerzbank) ірі көлемдегі қарыз тарту жөніндегі кредиттік келісімге қол қойды.

Казахстан привлечет около $1 млрд на развитие дорожной инфраструктуры
Фото: Қазақстанның Бельгиядағы елшілігі

Қарызға Multilateral Investment Guarantee Agency (Көпжақты инвестицияларға кепілдік беру агенттігі) кепілдік береді. Сонымен қатар European Investment Bank (Еуропалық инвестициялық банк) пен ниет туралы хатқа қол қойылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Қазақстанның Даму банкінің мәліметінше, MIGA кепілдігі кредиторлардың қорғанысын күшейтіп, тартылған қаржының негізгі қарызы мен есептелген сыйақысының 95%-ына дейін жабады.

Аталған кредиттік келісім аясында тартылатын қаражат «ҚазАвтоЖол» АҚ жүзеге асырып жатқан екі инвестициялық жобаға бағытталады:

— республикалық маңызы бар жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарын қалпына келтіру;
— автоматтандырылған өлшеу жүйелерін енгізу және жол күтіміне арналған арнайы техникалармен жабдықтау арқылы республикалық жолдарды жаңғырту және жақсарту.

Қарыздың мақсатты бағытына сәйкес, бұл қаражат аталған жобалар шеңберіндегі орташа жөндеу жұмыстарына жұмсалады.

Kazinform-ға берген эксклюзивті сұхбатында Қазақстанның Даму банкі басқарма төрағасы Марат Елибаев синдикатталған қарыз есебінен қаржыландырылатын жобалар елдің 17 облысын қамтитынын айтты. Оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағыты (Орта дәліз) мен «Солтүстік — Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің учаскелері бар.

Өз кезегінде Еуропалық инвестициялық банктен тартылатын қаражат Орта дәліз аясындағы жол инфрақұрылымы, порттар және логистика саласындағы жобаларды қолдауға бағытталады.

— Бүгін Брюссельде Қазақстанның Даму банкі ретінде екі маңызды келісімге қол қойдық. Біріншісі — MIGA халықаралық агенттігінің кепілдігімен Commerzbank, JPMorgan Chase Bank және Standard Chartered Bank банктерімен 780 млн АҚШ доллары көлеміндегі келісім. Бұл қаражат Қазақстанның көлік-логистика секторын дамытуға бағытталады. Екінші маңызды келісім — Еуропалық инвестициялық банкпен 120 млн еуро көлемінде жасалды. Бұл қаржы да көлік-логистика саласын дамытуға жұмсалады, — деді Марат Елибаев.

Жобаларды іске асыру жол инфрақұрылымының сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға, өңірлер мен халықаралық бағыттардың көлік байланысын жақсартуға, жол жүру уақытын және жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жаңа жұмыс орындары ашылып, халық пен бизнестің көлік инфрақұрылымына қолжетімділігі артады.

Казахстан привлечет около $1 млрд на развитие дорожной инфраструктуры
Фото: Қазақстанның Бельгиядағы елшілігі

Жалпы, Мемлекет басшысының Брюссельге ресми сапары қорытындысы бойынша 31 құжатқа қол қойылды. Оның ішінде 1 үкіметаралық келісім және 30 ведомствоаралық әрі коммерциялық құжат бар. Соның 21-і жалпы құны шамамен 12,1 млрд АҚШ долларын құрайтын жобалар мен бастамаларды іске асыруды көздейді.

Еске сала кетейік, Қазақстан мен European Union Еуропалық Одақ бірлескен мәлімдеме қабылдады.