Қазақстан жолдарын кім бұзып жатыр? ҚазАвтоЖол алаңдатарлық дерек жариялады
АСТАНА. KAZINFORM — «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі артық жүк мәселесінің ауқымын жариялады. Айтуларынша, бір мыңға жуық көлік 200 тоннадан артық жүкпен жүрген.
2026 жылдың сегіз айында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның автоматтандырылған өлшеу станциялары (АӨС) көлік құралдарының рұқсат етілген салмағына қатысты 870 мыңға жуық ықтимал заң бұзушылықты тіркеді. Оның ішінде салмағы 50 тоннадан асатын көліктер бойынша шамамен 139 мың, 100 тоннадан асатын көліктер бойынша 12 мыңға жуық, ал 200 тоннадан асатын көліктер бойынша 1 мыңға жуық дерек тіркелген. Бұл көрсеткіштер еліміздің автомобиль жолдарында белгіленген салмақ нормаларын сақтау мәселесінің қаншалықты өзекті екенін аңғартады.
— Жол конструкциясы белгілі бір нормативтік жүктемеге есептеліп салынады. Ал көлік құралдарының рұқсат етілген салмақтан жүйелі түрде асып жүруі жолдың тозуын жеделдетеді. Соның салдарынан ойық іздер, ығысулар мен жол жамылғысының деформациялары пайда болып, жөндеуаралық мерзім қысқарады. Мәселе әсіресе жаңадан салынған және қайта жаңартылған автожолдарда өткір тұр. Мемлекет жол желісін дамытуға қомақты қаражат жұмсап келеді. Алайда жолдармен рұқсат етілген жалпы салмақ пен осьтік жүктемеден асатын көліктер тұрақты жүретін болса, жаңа инфрақұрылымды ұзақ мерзімге сақтау қиын. Жаңадан салынған жолдар артық жүктің салдарынан мерзімінен бұрын бұзылмауға тиіс, — дейді мамандар.
Сонымен қатар жекелеген жүргізушілердің автоматтандырылған бақылаудан жалтару әрекеттері де тіркеліп жатыр.
— Ауыр жүк көліктері АӨС-ті жол жиегі немесе техникалық өткелдер арқылы айналып өтуге тырысады. Кейбір учаскелерде мұндай әрекеттердің алдын алу үшін орнатылған физикалық кедергілердің бөгде тұлғалар тарапынан өз бетінше алынып тасталған жағдайлары анықталды. 2026 жылдың басынан бері АӨС нысандарының өртенуіне қатысты үш жағдай тіркелді. Оқиғалардың себептері мен мән-жайын құзырлы органдар анықтап жатыр, — дейді компания өкілдері.
«ҚазАвтоЖол» жабдықтарды қорғау және автоматтандырылған өлшеу станцияларын айналып өту мүмкіндігін болдырмау бойынша қажетті шараларды жалғастырады. Бұл ретте салмақ-габариттік бақылауды күшейту жүк тасымалдаушыларға қарсы бағытталған шара емес.
— Жүк көлігі өнеркәсіптің, құрылыстың, сауданың және транзиттік тасымалдың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Мәселе жүк көлігінде емес — артық жүкте және баршаға ортақ талаптардың сақталуында. Бір рейсте көбірек жүк тасымалдау жекелеген тасымалдаушының шығынын азайтуы мүмкін. Алайда мұндай үнемнің салдары жолда қалады: жол жамылғысы мерзімінен бұрын тозып, оны қалпына келтіруге қосымша қаражат қажет болады, — деп түсіндірді «ҚазАвтоЖол».
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ АӨС желісін дамытуды және уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлескен жұмысты жалғастырып келеді. Белгіленген салмақ нормаларын жүйелі түрде бұзғаны үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз ету және автоматтандырылған бақылауды айналып өту әрекеттерінің жолын кесу маңызды. Сегіз айда тіркелген 870 мыңға жуық ықтимал заң бұзушылық — назар аударуды қажет ететін елеулі көрсеткіш. «ҚазАвтоЖол» жүк тасымалдаушыларды, ауыр жүк көлігі иелерін, құрылыс және өнеркәсіп кәсіпорындарын белгіленген салмақ пен осьтік жүктеме талаптарын сақтауға шақырады.
Бұдан бұрын шамадан тыс жүк Талдықорған – Өскемен жолын бүлдіріп жатқанын жазғанбыз.