Қазақстан жолдарында көлігін зақымдағандар сотқа жеті талап-арыз түсірген
АСТАНА. KAZINFORM — «Қазавтожол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев елдегі жолдарда көлігін зақымдаған жүргізушілер сотқа талап-арыздарын жолдағанын айтты.
— Бүгінде «ҚазАвтоЖолға» қатысты жетіге жуық талап-арыз түсірген. Онда жүргізушілер көлік бөлшектерінің зақымдануы немесе дөңгелегі жырылғаны бойынша сотқа шағым түсірген. Сот шешімімен бізге белгілі бір талаптар қойылса, тиісті шығынды өтейтін боламыз, — деді Дархан Иманашев Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Дегенмен ол жолдардың нашарлығына байланысты ресми түрде ешқандай жол-көлік оқиғасы тіркелмегенін хабарлады.
— Осыған дейін жол жағдайының нашарлығына байланысты жол-көлік оқиғалары тіркелген жоқ. Жол-көлік оқиғасынан кейін тиісті хаттама толтырылады, онда апаттың себептерін көрсету қажет. Адам қаза болған апаттардың басым көпшілігі қатар келе жатқан немесе қарсы келіп соқтығысқан автокөліктердің салдарынан болған. Бұл жол-көлік оқиғалары бойынша толтырылған хаттамаларда жол төсемінің жай-күйінің салдары көрсетілмеген, — деді компания басшысы.
Бұған дейін хабарланғандай, елде су тасқыны қаупі бар жол учаскелері азайды.