Қазақстан жүргізуші куәлігімен БАӘ-де көлік жүргізу үшін қандай құжаттар керек

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері жүргізуші куәліктерін өзара тану және айырбастау туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстандық жүргізуші куәлігі енді Ресейде жарамсыз
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Құжатқа 2026 жылғы 25 маусымда Абу-Даби қаласында екі елдің Ішкі істер министрліктері арасында қол қойылды. Меморандум 25 шілдеден бастап күшіне енеді.

– Меморандумның негізгі мақсаты – Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері азаматтарының екі ел аумағында көлік жүргізуін жеңілдету және жүргізуші куәліктерін пайдалану мен айырбастау кезінде артық рәсімдерді азайту, – деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.

Құжат екі түрлі жағдайды қамтиды. Біріншісі – азаматтың басқа елге уақытша баруы. Яғни туристік, іскерлік немесе жеке сапар кезінде Қазақстан мен БАӘ бір-бірінің қолданыстағы ұлттық жүргізуші куәліктерін таниды.

Осылайша, Қазақстан азаматы Біріккен Араб Әмірліктерінде жарамды қазақстандық жүргізуші куәлігімен автокөлік басқара алады.

Екінші жағдай – Қазақстан азаматы БАӘ-ге тұрақты немесе ұзақ мерзімге қоныс аударып, тұруға ықтиярхат алған кезде. Мұндай жағдайда жүргізуші куәлігін емтихан тапсырмай-ақ айырбастауға мүмкіндік бар.

– Бұл жеңілдік тек жеңіл автокөліктерге қатысты екенін ескеру қажет. Ал автобус, жүк көлігі және өзге де санаттар қабылдаушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес қаралады, – деп атап өтті ведомство өкілі.

Жүргізуші куәлігін айырбастау үшін:

  • тұруға ықтиярхат;

  • В немесе В1 санатындағы ұлттық жүргізуші куәлігі және азаматтың 18 жасқа толуы;

  • жүргізуші куәлігінің қабылдаушы мемлекеттің мемлекеттік тіліне ресми аудармасы;

  • медициналық тексерістен өту туралы құжат қажет.

Бұл ретте ұлттық жүргізуші куәлігі иесінде қалады. Құзырлы органдар тек куәліктің айырбасталғаны туралы бір-бірін хабардар етеді.

Шетелге шығар алдында баратын елдің заңнамасымен, соның ішінде жол қозғалысы ережелерімен алдын ала танысу ұсынылады.

Айта кетейік, Астана мен Мәскеу арасында жүргізушісіз жүк көліктері қатынайды.