Қазақстанда 1 млн. 440 мың әйел бизнес саласында жүр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда бизнесте 1 млн. 440 мың әйел жұмыс істеп жүр. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова мәлім етті.
«Бүгінде ресми статистика бойынша Қазақстан халқы 17 млн. 500 мыңнан асса, оның ішінде әйелдердің үлесі 52 пайызды құрап отыр. Сонымен бірге еңбекке қабілетті жастағы нәзік жандылардың саны 4 миллионнан астам. Ал бизнес саласында тек 1 млн. 440 мың ғана әйел жұмыс істеуде. Яғни бұл бағытта олардың шағын да болса бастамаларына қолдау жасау маңызды. Осы орайда біз тиісті шараларды атқарудамыз»,-деді Л. Рамазанова.
Оның сөзіне қарағанда, бұл бағытта жақында әйелдердің белсенді қатысуы жоспарланған мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында мектепке дейінгі білім беру бойынша жобалар іске асырылады.
«Егер де өңірлер бойынша қарастырсақ, бүгінде бірінші орында Алматы қаласы тұр, яғни бұл шаһарда 103 мыңға жуық басшы әйелдер бар. 93 мыңға тарта басшы әйелдер жұмыс істеп жүрген Оңтүстік Қазақстан облысы екінші орында. Оларды іскерлікке белсенділікпен тарту керек»,-деді Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстанда кәсіпорындарда басшылық ететін әйелдер саны 39 пайызға жетті.