Қазақстанда 100-ден астам адам тұрмыстық жанжал кесірінен көз жұмған

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда былтыр және ағымдағы жылы 100-ден астам адам тұрмыстық жанжал кесірінен көз жұмған. Бұл туралы бүгін ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлім етті.

Осыған байланысты министр учаскелік инспекторлардың жұмысын сынға алды.

«Біздің учаскелік инспекторлар әл-ауқаты нашар отбасылармен жоспарлы жұмысты тиісті түрде атқара бермейді. Жанжалды алдын алуға бағытталған іс-шаралар мерзімінде жасалмайды. Бұл жағдай тұрмыстық жанжалдар барысында кісі өлімінің санын арттырып отыр. Қазақстанда былтыр және ағымдағы жылы 100-ден астам адам тұрмыстық жанжал кесірінен көз жұмған», - деді министр.

Қ.Қасымовтың сөзі бойынша, инспекторлар өзіне тиесілі аумақта ішкіліктің алдын алуға қатысты шаралары нәтижесіз аяқталатынына көңіл аударды.

«Тұрмыстық жағдайда жасалған ауыр қылмыстардың 10 пайыздан астамы ішкіліктің кесірінен болатыны да тегін емес», - деді ҚР ІІМ басшысы.

Министрдің айтуына қарағанда, жұмыс сапасына учаскелік инспекторлардың еңбек етуіне қажетті материалдық қамсыздандырудың жетіспеушілігі әсер етуі ықтимал.

«Бірқатар аймақтарда инспекторлардың жұмысына қажетті барлық жағдайлар жасалмаған. Елде бар 2700 учаскелік орталықтардың 1400-іне жөндеу жұмыстары қажет. Оның үстіне қосымша 430 орталықты жаңадан салу қажет. Учаскелік инспекторлардың үштен бірінде пәтер жоқ, ауылдық инспекторлардың үштен бірінде көлік пен радиостанса жоқ», - деді ҚР ІІМ министрі. 

Соңғы жаңалықтар
telegram