«Қазақстанда 1200 адам ағза ауыстыруға мұқтаж» - баспасөзге шолу
***
Кеше «Астана Опера» театрында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен елорданы одан әрі дамыту мәселелері жөніндегі кеңес болып өтті. Осы алқалы жиын арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санында «Астана өмір сүруге қолайлы қалаға айналады» деген тақырыппен берілген. Басылымның жазуынша, қала басшысы И.Тасмағамбетов жиында елорданың экономикалық дамуы барысында инновациялық индустрияландыру бағытына ерекше басымдық беріліп отырғандығын тілге тиек еткен. Ал «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Ермегияев маусымда «Қазақстан» ұлттық павильоны құрылысы басталатындығын атап өткен. «Екі айдан кейін халықаралық тақырыптық корпоративтік павильондардың құрылысы бойынша жұмыстар басталады. Тамызда ұйымдастырушы кеңсесін, ал қыркүйекте тұрғын үй кешендері құрылысын қолға аламыз. Толықтай алғанда, ағымдағы жылдың желтоқсанында 25 гектардағы көрме аймағының нөлдік циклін аяқтаймыз», - деді ол. Өз кезегінде Елбасы 120 мемлекет және көптеген халықаралық ұйымдардың қатысуы жоспарланып отырған ЭКСПО-2017 көрмесін ойдағыдай өткізу Астана қаласының және жалпы еліміздің алдында тұрған ең маңызды міндеттердің бірі екенін атап көрсетті. Астана қаласының және ЭКСПО-2017 бүкіләлемдік көрмесінің танымалдылығын арттыру қажеттігіне назар аударды. «Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында екі күнге созылған ХІІ Еуразиялық медиа-форумның жұмысы аяқталды. Оған әлемнің 40 елінен келген 6000-ға жуық делегат қатысты. Форум жұмысын 300-ден астам шетелдік және отандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері насихаттады. «XII Еуразиялық медиа-форумның қызу пікірталас пен жан-жақты үнқатысу алаңында талқыланған келелі мәселелердің бірі - еуразиялық интеграция төңірегінде өрбіді. «Еуразиялық интеграция. Экономикалық «төңкеріс» болуы мүмкін бе?» деген тақырыпта ұйымдастырылған пленарлық сессия отырысында оған қатысушылар міне, осы мәселеге сан түрлі көзқарастар тұрғысынан келіп, ой-пікір білдіруге, оған сараптама жүргізуге мүмкіндік алды», - деп жазады басылым. Газеттің жазуынша, Ұлыбританиядағы Журналистік зерттеулер мектебінің директоры Шахида Төлегенова теориялық тұрғыда еуразиялық экономикалық интеграция идеясына оң көзқараспен қарайтынын, алайда, тәжірибе тұрғысынан алғанда интеграциялық үдерістерді нәтижелі жүзеге асыру үшін тек мықты лидерлер ғана емес, мықты институттар қажет екенін атап өтті. Қазақстанның Әлемдік экономика және саясат институтының директоры Сұлтан Әкімбеков интеграцияның әлеуеті зор дегенді алға тарта келіп, оның нәтижелері алда мықтап көрінетінін атап көрсетті. Сондай-ақ ол үш елдің ортақ нарығы аясында жүргізіліп жатқан үдерістер мен сол үдерістер нәтижесіндегі көрсеткіштерге қатысты мысалдар келтірді. *** Еуразия кеңістігіндегі ірі ғылыми-зерттеу орталығына айнала бастаған Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің дамуына осы оқу орнын басқарып отырған азаматтың үлесі айрықша екені ақиқат. Жаңашыл басшының басқарудың заманауи, инновациялық тәсілдерін шеберлікпен қолдануы нәтижесінде қызу қарбаласқа, жарқын жаңалықтарға толы білім ордасының аты аз уақытта әлемге әйгілі болды. Ғылыми және инновациялық қызмет білім берумен қатар жоғары оқу орындарындағы басты қызмет түріне айналмақ. Осыған орай «Айқын» газеті аталмыш оқу орнының ректоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Сыдықовпен сұхбаттасып, әңгіме арқауын негізінен ғылыми зерттеулердің жай-күйі мен білім ордасының жаңашылдығы жайында өрбіткен. Басылымның барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Университетте жаңа заманға лайық білім беру, ғылымды салаландыру және Президент көтерген Еуразия идеясын дамытуда көптеген игі іс-шаралар атқарылды. Ал мемлекет басшысының: «Қазақстан бүгін Еуропа мен Азия арасындағы коммуникациялар легінің түйіскен тұсында тұр. Біздің міндет - осынау бірегей геосаяси жағдайымызды өз еліміз бен халықаралық қоғамдастықтың мүддесі үшін ұтымды пайдалану» деген пікірі де қоғамымызды, оның ішіндегі білім-ғылым саласы қызметкерлері мен студенттерін жаңа бастамалар мен қадамдарға шақырады», - дейді. Сұхбат «Университеттің ұстанымы - биік, мақсаты - айқын» деген тақырыппен берілген. «Алматыда Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургиялық орталығының ұйымдастыруымен өткен Қазақстан хирургтарының V конгресі хирургия саласындағы инновациялық технологияларға арналды»,- деп жазады «Айқын» газеті сенбілік санындағы «1200 адам ағза ауыстыруға мұқтаж» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, айтулы шараның мақсаты - хирургиялық отадан кейінгі асқынулар мен өлім-жітімнің көрсеткішін азайту. Биыл конгресс форматына өзгерістер енген. Алдыңғы жылдары алғашқы үш күн шеберлік сыныптар өтіп, қалған 2 күн теориялық сұрақтар талқыланатын. Бұл жолы қалалық клиникаларда Сызғановтың мамандары шеберлік сыныптарын өткізіп, жалпы саны 22 ота жасалды. Мәселен, алғашқы күні Орталық клиникалық ауруханада жедел хирургия мәселелері талқыланды. «Клиникалық аурухананы таңдаған себебіміз, бұл - жедел хирургиялық қызмет көрсететін клиника. Екіншіден, шетелден келетін инновациялық технологияларды қалалық клиникалық ауруханаларға енгізу үшін №1 ҚКА-ның пульмонология бөлімшесінде өкпеге ота жасалды. Қалалық жедел жәрдем ауруханасында адамның күре тамырына және микрохирургиялық ота жасалды. Одан бөлек, қалалық кардиологиялық орталықта жүрек-қан тамырлары жүйесіне жабық және ашық әдіспен ота жасалды. Осылайша, қалалық клинкалық ауруханаларда жалпы саны - 8, Сызғанов атындағы хирургиялық орталықта 14 ота жасалды», - дейді А.Сызғанов атындағы ҰҒХО директорының орынбасары Сәбит Пазылов. *** «Ресейлік полицейлер балаларға зорлық-зомбылық көрсетті деп айыпталып отырған Қазақстан азаматын іздеуде», - деп жазады «Экспресс К» газеті «На цепи» деген тақырыптағы мақаласында. Оның балаларының айтуынша, әкелері оларды темір шынжырға байлап қойып, сәл ағаттықтары үшін таяқтың астына алып отырған. Ал шешелері болса, күйеуінің бала тәрбиесіндегі мұндай тәсіліне «түсіністікпен қараған» көрінеді. Қазақстандық Сергей Михеев (аты-жөні өзгертілген) Ресейге ақша табу үшін аттанып, Орлов облысына қарасты бір ауылға тұрақтаған. Дәл осы жерде махаббатына жолыққан ол шаңырақ көтеріп, Светланадан 1 қыз бен 2 ұл сүйген. Қызын жанындай жақсы көрген ол бар ашу-ызасын ұлдарына үйіп-төккен.