Қазақстанда 15 мыңға жуық онкологиялық науқас сәулелік ем қабылдап жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның барлық өңірінде 15 мыңға жуық онкологиялық науқас сәулелік терапиядан өтіп жатыр. Олардың ішінде 200-ден астамы – балалар, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігі.
Ведомство мәліметінше, елімізде онкологиялық ауруларды емдеуге арналған заманауи технологиялардың қолжетімділігі артып келеді.
– Біз сәулелік емдеу техникалық жарақтандырудың жеткіліксіздігіне байланысты кейбір өңірлерде қолжетімсіз болған кезеңнен өттік. Бүгінде еліміздің барлық өңірінде дерлік заманауи сызықтық үдеткіштер орнатылған, – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта Қарағанды мен Семей қалаларында екі-екіден қуатты аппарат жұмыс істейді. Астанадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығында төрт аппарат, ал қалалық онкология орталығында тағы екі аппарат орнатылған.
Соңғы екі жылда Қазақстанда сәулелік терапиямен қамтылған онкологиялық пациенттердің үлесі 60%-ға жуықтады. Бұл көрсеткіш дамыған Еуропа елдерінің деңгейіне жақындаған.
– Онкологиялық ауруларды емдеудің заманауи әдістеріне арналған подкасттар топтамасы жалғасуда. Бүгінгі спикер – Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты Радиология орталығының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор, 37 жылдық еңбек өтілі бар радиациялық онколог дәрігер Виктор Ким, – деп атап өтті министрліктен.
Айта кетейік, Қазақстанда онкологиялық диагностика мүмкіндігі артады.