Қазақстанда 1,7 млн адам жүрек-қантамыр ауруларына тексеруден өтті
АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылы артериялық гипертония мен жүректің ишемиялық ауруын ерте анықтауға бағытталған скринингтен 1,7 миллион адам өтті. Соның нәтижесінде 114 мыңнан астам азаматтан қанайналым жүйесі аурулары анықталды, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігі.
Ведомствоның мәліметінше, анықталған науқастардың 99 мыңына артериялық гипертония, ал 15 мыңына жүректің ишемиялық ауруы диагнозы қойылған.
– 2025 жылы артериялық гипертония мен жүректің ишемиялық ауруын ерте анықтауға бағытталған скрининг шеңберінде 1,7 миллион адам тексеруден өтті. Нәтижесінде 114 мыңнан астам азаматта қанайналым жүйесі аурулары ерте сатысында анықталды. Оның ішінде 99 мың пациентке артериялық гипертония, 15 мың пациентке жүректің ишемиялық ауруы диагнозы қойылды, – деп мәлімдеді министрлік.
Министрлік мәліметінше, өткен жылдан бастап скрининг бағдарламасына жоғары сезімтал заманауи диагностикалық әдістер енгізілген. Бұл ауруларды ерте кезеңде анықтап, емдеуді дер кезінде бастауға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта елімізде жүрек-қантамыр аурулары бар шамамен 1,9 миллион адам динамикалық бақылауда тұр. Дәрігерлердің айтуынша, тұрақты медициналық бақылау, қауіп факторларын қадағалау және қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ауыр асқынулардың алдын алуға ықпал етеді.
– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес, қанайналым жүйесі аурулары әлемдегі өлім-жітімнің негізгі себебі болып қала береді. Жыл сайын бұл дерттен шамамен 19,8 миллион адам қайтыс болады. Бұл әлемдегі барлық өлім жағдайларының шамамен 32%-ын құрайды, – делінген министрлік ақпаратында.
Айта кетейік, Қазақстанда бір жылда жүрекке 13 мыңнан астам ашық операция жасалды.