Қазақстанда 1 млн адам өзін үйге мұқтаж ретінде тіркеген
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде тұрғын үйге сұраныс әлі де жоғары. Қазір ел бойынша 1 миллионға жуық азамат өзін тұрғын үйге мұқтаж ретінде тіркеген. Бұл туралы BIZDIÑ ORTA подкастында «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жансұлтан Матай айтты.
— Жалпы бүгінгі таңда 1 миллионға жуық адам өзін үйге мұқтаж ретінде тіркеген. Оның ішінде жаңа жүйеде шамамен 360 мың адам кезекте тұр. Олар өздерінің және отбасы мүшелерінің атында тұрғын үй жоқ екенін растап, мәліметтерін жаңартты, — деді Жансұлтан Матай.
Оның айтуынша, елімізде тұрғын үйге деген жоғары сұраныс бірнеше фактормен байланысты. Соның бірі — тұрғын үймен қамтылу деңгейінің халықаралық стандарттан төмен болуы.
— БҰҰ стандарттарына сәйкес әр адамға 30 шаршы метр тұрғын үйден келуі керек. Бізде бұл көрсеткіш бүгінде 25 шаршы метр. Сонымен қатар 2000-2002 жылдары дүниеге келген жастар қазір оқуын аяқтап, жеке баспана алуға ұмтылып жатыр. Жыл сайын елімізде 300-400 мың бала дүниеге келеді. Сондықтан тұрғын үйге сұраныс әлі де жоғары, — деді ол.
Спикердің сөзінше, тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың бірыңғай базасы іске қосылғаннан кейін кезекті өзектендіру жұмыстары жалғасып жатыр. Қазіргі жүйеде кезекке тек өздерінің және отбасы мүшелерінің атында тұрғын үйі жоқ азаматтар ғана тіркеле алады.
Сонымен қатар ол бұрынғы тұрғын үй кезегінде тұрғандардың барлығы бірдей шын мәнінде баспанаға мұқтаж болмауы мүмкін екенін айтты. Оның пікірінше, бұрын қалыптасқан тізімдегі азаматтардың бір бөлігі тұрғын үй сатып алғанына қарамастан, деректер уақытылы жаңартылмағандықтан кезекте қалып қойған. Сондықтан қазіргі таңда тұрғын үй кезегі инвентаризациядан өткізіліп, талаптарға сәйкес келмейтін азаматтар кезең-кезеңімен тізімнен шығарылып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін, БҚО-да әлеуметтік осал топтағы 19 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұрғанын хабарлаған едік.