11:14, 02 Наурыз 2009 | GMT +5
Қазақстанда 2009 жылғы ақпан айында инфляция деңгейі 0,8 пайызды құрады
АСТАНА. Наурыздың 2-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстанда 2009 жылғы ақпан айында инфляция деңгейі 0,8 пайызды құрады.
Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Статистика агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Агенттік мәліметтеріне сәйкес, өткен ақпан айында азық-түлік тауарларын сататын базарларда сүт және ет өнімдерінің бағасы 0,3 пайызға қымбаттағаны байқалған. Сонымен бірге, ақпан айының қорытындысы бойынша республикамызда қант бағасы 1,1 пайыз, балық пен теңіз өнімдері 1,2 пайыз, жеміс- жидектер 1,5 пайыз, алкогольді ішімдіктер мен темекі өнімдерінің бағасы 2,7 пайызға, ал кофе мен шай бағасы 5,8 пайызға қымбаттаған. Бұнымен бір мезгілде, күнбағыс майының бағасы 4,6 пайызға, жұмыртқа 3,3 пайызға, ұн 1,3 пайызға, күріш 0,3 пайызға арзандаған.
Бұдан басқа, жуу және тазалау құралдарының бағасы 8 пайызға көтерілсе, жеке гигиена тауарларының бағасы 5,8 пайызға, медициналық препараттар бағасы 4,6 пайызға өскен. Ел аумағындағы бензин 1,2 пайызға, ал дизелдік отын 0,2 пайызға қымбаттаған. Сонымен қатар, өткен айдағы көрсеткіштерге сәйкес, республикамызда денсаулық сақтау саласы бойынша көрсетілетін қызметтер 1,2 пайызға, қонақүй, ресторан мен жеке қызмет көрсету бағалары 0,7 пайызға артқан. Ал көлік қызметі керісінше 0,3 пайызға төмендеген.