Қазақстанда 2015 жылға қарай газ өндіру 45 млрд. текше метр шамасында болжануда, оның 8,5 млрд. экспортталады

Ал газ экспорты шамамен 8,5 млрд. текше метрге жетеді. Бұл туралы бүгін Мәжілісте «Магистральдық құбыр туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында Мұнай және газ министрлігінің Жауапты хатшысы Қанатбек Сафинов мәлім етті.
Жауапты хатшының айтуынша, елімізде 2011 жылы 39,5 млрд. текше метр газ өндірілген. 2012-2013 жылдары бұл көрсеткіш 40-40,5 млрд.-ты құраса, 2015 жылға қарай 45 млрд. текше метрге болжанады. «Ал газ экспортына келсек, 2012 жылы бұл 7,5 млрд. текше метрді құрамақ. 2015 жылға қарай бұл көрсеткіш 8,5 млрд.-ты құрайтыны болжанады», - дейді Қ. Сафинов.
Оның айтуынша, алдағы уақыттарда газды ішкі нарықта тұтынуға бағыттау басымдыққа ие болады. Атап айтқанда, 2012 жылы Қазақстанның ішкі нарығындағы газ тұтыну көрсеткіші 12,1 млрд. текше метрге болжанса, 2015 жылға қарай бұл шамамен 14,6 млрд. текше метрді құрайды.
«Жалпы алдағы уақытта елімізде мұнай мен газ өндіру көрсеткіштері арта түседі. Соған сәйкес, оны тасымалдау бойынша проблемалар туындауы мүмкін. Оның ішінде де магистральді құбырлармен тасымалданатын экспорттық бағыттарда қиындықтар орын алуы мүмкін», - дейді Қ. Сафинов.