Қазақстанда 2017 жылы автокөліктердің 80 пайызын қайта өңдеу ісі жолға қойылады - А. Лаврентьев

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда 2017 жылы автокөліктердің 80 пайызын қайта өңдеу ісі жолға қойылады. Бұл туралы «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында Қазақстанның автобизнес қауымдастығының президенті Андрей Лаврентьев мәлімдеді.

Қазақстанда 2017 жылы автокөліктердің 80 пайызын қайта өңдеу ісі жолға қойылады -  А. Лаврентьев

Естеріңізге сала кетелік, 2016 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап, Қазақстанда өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің (әрі қарай - ӨКМ) қағидасы күшіне енген болатын. Осыған байланысты 2016 жылдың қаңтарынан бастап, көлік құралдарын импорттаушылар, еліміздің ішінде жұмыс істейтін автоөндірушілер мен автокөлікті шетелден сатып алған азаматтар «Іске жарату алымын» төлейтін болады. Оның базалық мөлшері көлік құралына сәйкес есептелген коэффициентке көбейтілген 50 АЕК-ті құрайды. Ал елімізге автокөліктерді 2016 жылдың 1-ші қаңтарына дейін алып келіп, есепке тұрғызып үлгергендер Іске жарату алымын төлемейді. Әзірге, алғашқы кезеңде ӨКМ қағидасы автокөлік құралдарына, шиналарға, дөңгелек тыстарына, резеңке заттарға, электрлік аккумуляторларға, соның ішінде оларға арналған сепараторларға, мотор майларына, тежегіш сұйықтықтарына және антифриздерге қолданылады. Андрей Сергеевич жаңа қағиданың мән-жайын түсіндірді.

-Андрей Сергеевич, бұл қағида елімізде автокөлік бағасына әсер ете ме?

- ӨКМ қағидасын қабылдау автокөлік бағасының қымбаттауына әкеп соқпайды. Бұған ешқандай негіз жоқ. Бұл норма, яғни іске жарату алымы Дүниежүзілік сауда ұйымы аясында кедендік салықтардың төмендетілуіне байланысты енгізіліп отыр ғой. Яғни, солардың орнына қолданылады. Сәйкесінше, автокөліктердің бағасы өткен жылғы деңгейде қалады деп ойлаймын. Жалпы, көлік бағасы валюта бағамына, импортталатын көліктердің саны мен бағасына байланысты өзгереді. Ал енді Іске жарату алымынан жиналған қаржы ескі автокөліктерді, олардың құрамдас бөліктерін қайта іске жарату өндірісін жолға қоюға, отандық автокөлік өндірісін жандандыруға бағытталады.

- Бүгінгі таңда елімізде ескі автокөліктерді утильдеу, яғни оларды іске жаратуға қандай мүмкіндіктер бар?

- Қазір Қазақстанда ескі автокөлікерді бөлшектеп, іске жаратуға дайын 30 шақты кәсіпорын бар. Егер бұл өндіріс іске қосылса, жақын болашақта іске жаратылған автокөліктерден алғашқы кезеңде автокөлік қаңылтырын шығаруға болады. Осылайша, өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің (ӨКМ) қағидасын енгізу - автокөліктерді жаңалауға және тұрғындарға жаңа автокөлік сатып алуға мүмкіндік береді. Одан басқа, өзінің ескі автокөлігін қайта өңдеуге берген адамға сертификат беріледі. Ондағы соманың бір бөлігін ол жаңа автокөлік немесе жаңа қосалқы бөлшектер сатып алуға жұмсай алады. Яғни, елімізде ескі автокөліктерді жаңа автокөліктерге ауыстыру үдерісі басталады. Бұл жүйе қазір пысықталып жатыр. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда 2017 жылдың орта шеніне қарай, автокөліктердің 80 пайызын қайта өңдеу ісі жолға қойылады.

- Әңгімеңізге рахмет.