Қазақстанда 2020 жылға қарай әуе көлігіндегі жолаушылар саны 4-тен 9 млн. адамға артады

Бұл туралы бүгін Алматыда Қазақстандық гуманитарлық-саяси конъюктура орталығы ұйымдастырған азаматтық авиация саласындағы мәселелер мен оның даму болашағына қатысты жиында айтылды.
«Тәуелсіздік жылдары азаматтық авиация саласындағы жолаушылар тасымалы 8-ден 4 млн. адамға дейін кеміп кеткен еді. 2020 жылы оны 9-млн. адамға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Оған ЕХРО-2017 жобасы аясында әуекомпаниялардың Астана мен Алматы қалалары арқылы жаңа рейстерді ашуы оң ықпалын тигізеді», - дейді ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Серік Мықтыбаев.
Оның айтуынша, 2002 жылдан бері әлеуметтік маңызы бар рейстерді қолдауға арналған мемлекеттік бағдарлама өз жемісін беруде. Осы уақытқа дейін субсидияланып келген 10-нан астам әуе рейсінің алтауы нарықтық жүйеге көшті. Ағымдағы жылы бұл бағдарлама бойынша 10 рейсті қолдауға 1,5 млрд. теңге бөлініп отыр. Компания одан табыс табатын жағдайға жеткенде, бұл бағыттар да коммерцияланады. Алдағы уақытта енді мемлекеттік бұл бағдарлама шағын қалалалар мен аудан орталықтарын да қамтымақ. Оған жергілікті атқарушы органдар да қызығушылық білдіріп, жобаларды жергілікті бюджеттен қаржыландыруға мүмкіндік алуда.