Қазақстанда 2026 жылғы Азия ойындарының ресми билет агенті анықталды
АСТАНА. KAZINFORM – «МТК Complete Service» ЖШС Қазақстан аумағындағы ХХ жазғы Азия ойындарының ресми билет агенті болып тағайындалды. Құрлықтық дода 2026 жылдың 19 қыркүйегі мен 4 қазаны аралығында Жапонияның Аичи және Нагоя қалаларында өтеді, деп хабарлайды Қазақстаның Ұлттық олимпиада комитеті.
Компанияның бұл мәртебесі 2026 жылғы Азия ойындарының Ұйымдастыру комитеті мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитеті арасында жасалған билет агенттігі туралы келісім аясында бекітілді.
«Complete Service» ұйымдастыру комитеті белгілеген талаптар мен ережелерге сәйкес Қазақстан тұрғындарына Азия ойындарының жарыстарына арналған ресми билеттерді сату құқығына ие болады. Бұдан бөлек, компания Азия ойындарына баратын жанкүйерлерге қонақүйге орналастыру, көлік қызметін ұйымдастыру және жарыстарға сапарды жоспарлауға қатысты өзге де туристік қызметтерді ұсына алады.
Халықаралық «Complete Service» компаниясы Қазақстанның туристік нарығында 1999 жылдан бері жұмыс істейді және әлемдік деңгейдегі ірі спорттық жарыстарға сапар ұйымдастыруда мол тәжірибеге ие.
Әр жылдары компания Бейжіңдегі (2008), Лондондағы (2012), Рио-де-Жанейродағы (2016) және Токиодағы (2020) Олимпиада ойындарында ресми билет агенті, туроператор және серіктес ретінде қызмет атқарған.
Ресми билет агентінің тағайындалуы Қазақстан аумағында билеттерді орталықтандырылған тәртіппен сатуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жанкүйерлерге жарыстарға сапар барысында қажет болатын қосымша қызметтер қолжетімді болады.
Қазақстандағы ресми билет агенті арқылы билеттердің сатылымға шығатын мерзімі, оларды сатып алу тәртібі және ұсынылатын қосымша қызметтер туралы ақпарат кейінірек жарияланады.
Осыған дейін Қазақстан құрамасының Азия ойындарындағы командалық спорт түрлері бойынша қарсыластары анықталғаны туралы жаздық.