Қазақстанда 2050 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 50%-ға жетеді

АСТАНА. KAZINFORM – Бішкек қаласында Орталық Азия елдерінің әйел-көшбасшылары, сарапшылары және мемлекеттік органдарының өкілдерін біріктірген «Су ресурстары мен энергетика саласындағы әйелдер» атты өңірлік диалог өтті.

Елде жаңартылатын энергия көздері қарқынды дамып келеді
Фото: Энергетика министрлігі

Кездесудің басты тақырыбы – өңірде климаттық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі, су қауіпсіздігі мен энергетикалық көшуді ілгерілетудегі әйелдердің рөлі болды.

Қазақстан атынан форумға ҚР Энергетика министрлігі жаңартылатын энергия көздері департаментінің бас сарапшысы Айнара Айдынқызы қатысты. Өз сөзінде ол энергетика саласындағы әйелдердің кәсіби қауымдастығын нығайтуға бағытталған жұмыстарды атап өтті. Атап айтқанда, Qazaq Green жанындағы Әділетті энергетикалық көшу жөніндегі әйелдер комитеті мен KazEnergy жанындағы Әйелдер энергетикалық клубының бастамалары көшбасшылықты дамытуға, тәжірибе алмасуға және кәсіби өсімге ықпал ететінін айтты.

Қазақстан энергетикалық көшу үдерісіне әйелдерді кеңінен тарту; кәсіби даму мен мансаптық өсім үшін мүмкіндік жасау; өңіраралық диалог пен ынтымақтастықты кеңейту бағыттарына басымдық береді.

Қазақстан 2030 жылға қарай ЖЭК үлесін 15%-ға, ал 2050 жылға қарай 50%-ға дейін жеткізуді мақсат етіп отыр.

Қазіргі таңда ЖЭК секторында шамамен 2000 маман жұмыс істейді, оның ішінде әйелдердің үлесі тұрақты түрде өсуде. Бұл үрдісті жалғастыру үшін әйелдердің стратегиялық жоспарлауға, жобаларды басқаруға және шешім қабылдауға белсенді қатысуына жағдай жасау маңызды.

Айта кетейік, 2029 жылға дейін жаңартылатын энергия көзі ірі объектісі аяқталады.

Соңғы жаңалықтар
Референдум