Қазақстанда 311 мыңнан астам шағын және орта бизнес өкілі тіркелген
АСТАНА. 14 тамыз. ҚазАқпарат - 2012 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша тіркелген заңды тұлғалардың саны 311772 бірлікті құрап, өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 5,7% артты, оның ішінде 50 адамнан кем қызметкерлері бар жеке кәсіпкерлер 295496-ға жетіп отыр.
Жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалардың саны 171034, оның ішінде 155794-і - шағын кәсіпорындар. Республикадағы тіркелген шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны (заңды тұлғалар) 225620 бірлікті құрады және өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 6,2% артты. Бұл туралы бүгін журналистермен болған баспасөз мәслихатында ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смаилов мәлімдеді.
«Тұтыну бағаларының индексі 2012 жылғы шілдеде 2011 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 103% құрады. Азық-түлік тауарларына баға - 2,6%, азық-түлік емес тауарларға - 1,7%, ақылы қызметтерге - 4,8% артты. Өнеркәсіп өнімін өндіруші кәсіпорындар бағалары 2012 жылғы шілдеде 2011 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 4,7% төмендеді», - дейді агенттік төрағасы.
2012 жылғы маусымда халықтың орташа жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табыстары бағалау бойынша 50601 теңгені құрады. Өсім 2011 жылғы маусыммен салыстырғанда атаулы ақшалай табыстар үшін 12,8%, нақты ақшалай табыстар үшін - 7,5% құрады.
2012 жылғы маусымда қызметкерлерге есептелген орташа айлық атаулы жалақы 104896 теңгені құрады. 2011 жылғы маусымға қарағанда 18,8% өсті. Нақты жалақы индексі 2011 жылғы маусымға 113,3% құрады.
2012 жылғы шілдеде жұмыссыздар саны 469,2 мың адамды құрады. Жұмыссыздық деңгейі экономикалық белсенді халық санына шаққанда 5,2%-ды құрады. Жұмыспен қамту органдарында жұмыссыздар ретінде тіркелгендер саны 2012 жылғы шілденің соңына 62,9 мың адам болды немесе экономикалық белсенді халық санына шаққанда 0,7 пайызды құрады.