Қазақстанда 4110 ҰОС ардагері бар (ФОТО)

Кездесу барысында Г.Әбдіқалықова ҚР Президенті Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша бүгін Астана, Алматы, Қарағанды, Павлодар, Талдықорған және Шымкент қалаларында Жеңіс шерулеріне қатысқан соғыс ардагерлерін марапаттау шаралары салтанатты түрде өткізіліп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, Мемлекеттік хатшы Ұлы Жеңіс үшін ардагерлерге шексіз ризашылығын білдіріп, олардың Отанымыздың Тәуелсіздігі жолында жасаған өшпес ерліктері мен тылдағы қажырлы еңбектері жадымызда сақталатындығын баса айтты.
«Бүгінгі күні Қазақстанда 4110 соғыс ардагерлері, қатысушылары және мүгедектері бар. Ешкім де естен шығарылған емес. Сіздердің бейбітшілік пен келісім сыйлағандықтарыңыз үшін шексіз ризашылығымды білдіргім келеді. Сіздердің сұрапыл соғыстағы ерліктеріңіз бен жанқиярлық еңбектеріңізді естен шығармауға тиіспіз. Осы сәтте пайдала отырып, сіздерді келе жатқан ҚР Тұңғыш Президенті күнімен құттықтаймын. Зор денсаулық, ұзақ өмір тілеймін», - деді Г.Әбдіқалықова.
Мемлекеттік хатшы «Елбасы атап көрсеткендей, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне деген қамқорық мемлекеттің маңызды міндеті болып табылатынына» назар аударды. Мәселен, ағымдағы жылдың 1 қарашасындағы жағдайға сәйкес, тек қана біржолғы материалдық көмек көрсетуге және мерекелік іс-шараларға қатысу үшін мемлекеттік бюджеттен 7,7 млрд. теңге бөлінген.
Кездесу барысында ардагерлер Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаевқа ұдайы қамқорлығы мен ықыласы үшін шынайы ризашылықтарын білдірді. Олар Елбасының жүргізіп отырған сарабдал әрі сындарлы саясатын қолдайтындықтарын атап өтті. Сол саясаттың арқасында елімізде бейбітшілік, бірлік пен келісім салтанат құрып отырғандығын айрықша атады.
Кездесу соңында Г.Әбдіқалықова ардагерлерге Елбасы Н.Назарбаевтың ізгі тілектерін жеткізіп, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ тарапынан бөлінген Мәскеу және Бейжің қалаларында өткен шеруге қатысушы ардагерлер үшін арнайы ақшалай сертификаттарды табыстады.
Айта кетейік, Мәскеу мен Бейжіңде өткен шеруге еліміздің әртүрлі өңірінен 13 ардагер қатысқан болатын.