Қазақстанда 42 жаңа су қоймасы салынады: су саласы түбегейлі жаңғырмақ
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда су қауіпсіздігін күшейту және инфрақұрылымды жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. 2030 жылға дейін 42 жаңа су қоймасын салу, 37 нысанды реконструкциялау, 14,5 мың шақырым каналды жаңарту және су жүйелерін цифрландыру жоспарланған. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында тұрғын үй-коммуналдық және су инфрақұрылымын жаңғыртуды еліміздің орнықты дамуының негізгі факторларының бірі ретінде атап өтті. Президент тапсырмаларын жүзеге асыру аясында су шаруашылығы кешенін жаңарту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізілуде. Су қоймалары салынып, реконструкциялануда, су арналары жаңғыртылып, заманауи суару технологиялары мен су ресурстарын басқарудың цифрлық жүйелері енгізіліп жатыр.
Негізгі шаралар 2024-2030 жылдарға арналған су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасында және 2024-2028 жылдарға арналған су саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспарда көзделген.
— Жоспар су шаруашылығы инфрақұрылымын толық қамтиды. Атап айтқанда, 42 жаңа су қоймасын салу, жұмыс істеп тұрған 37 су қоймасын реконструкциялау, 14,5 мың шақырым каналды жаңғырту және кемінде 3,5 мың шақырым суару желілерін цифрландыру жоспарланған. Сонымен қатар су үнемдеу технологиялары енгізіліп, су тасқыны мен құрғақшылықты болжау жүйелері жетілдірілуде, саланың кадрлық және ғылыми базасы нығайып келеді, — делінген хабарламада.
Жүзеге асыру кезеңінде нақты нәтижелерге қол жеткізілді: су үнемдеу технологияларын қолдану ауқымы кеңейтіліп, су қоймалары мен су арналары реконструкцияланды, жаңа нысандардың құрылысы басталды, ирригациялық желілерді тазарту көлемі ұлғайтылды, кадрлық әлеует нығайтылып, қосымша қаржы тартылды.
2025 жылы су ресурстарын қорғау және пайдалану тәртібін жаңартқан жаңа Су кодексі күшіне енді.
Заңнамада алғаш рет «су қауіпсіздігі» ұғымы бекітілді. Ол халық пен экономиканы су тапшылығы мен ластанудан қорғауды, сондай-ақ трансшекаралық сулар саласындағы ұлттық мүдделерді қамтамасыз етуді көздейді. Экожүйелерді сақтау мақсатында өзендердің, көлдер мен теңіздердің тұрақты жай-күйін қамтамасыз етуге қажетті судың ең төменгі көлемін білдіретін «экологиялық ағын» ұғымы енгізілді.
Шағын өзендер, көлдер, сулы-батпақты алқаптар мен мұздықтарды қорғау күшейтілді. 2027 жылғы 10 маусымға дейін жергілікті атқарушы органдар елді мекендердегі жерүсті су объектілерінде су қорғау аймақтары мен белдеулерін айқындауы тиіс.
Су кодексінде Су ресурстарын қорғау және пайдалану жөніндегі Бас жоспар мен бассейндік жоспарларды әзірлеу көзделген. Олар сумен қамтамасыз етілу болжамдарын ескере отырып әзірленіп, саланың басымдықтарын, негізгі шаралары мен қажеттіліктерін айқындайды. Бұл көрсеткіштер кейін мемлекеттік және өңірлік жоспарлау кезінде ескерілетін болады.
2026 жылы сегіз бассейндік жоспарды әзірлеу аяқталады. Олар су ресурстарын интеграцияланған басқарудың Бас жоспарын әзірлеуге негіз болады, ал көзделген іс-шаралар өңірлердің даму жоспарларына енгізіледі.
Жаңа Су кодексінде ірі су пайдаланушыларға қойылатын талаптар қайта қаралды. Өнеркәсіптік кәсіпорындар мен жылу өндіруші ұйымдар бес жылдық кезеңге қайталама және айналымды сумен жабдықтауға көшу жоспарларын әзірлеп, қолданыстағы жүйелерді заманауи технологияларды қолдана отырып жаңғыртуы тиіс. Қазірдің өзінде осындай 168 жоспар әзірленіп, кәсіпорындарға түгендеу жүргізілді. Сонымен қатар белгіленген талаптарды орындамаған жағдайда рұқсат етілген су пайдалану көлемін қысқартуға мүмкіндік беретін нормалар әзірленіп жатыр.
Кодекстің жекелеген бөлімі гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігіне арналған. Бассейндік инспекциялардың бақылау өкілеттіктері кеңейтіліп, бұзушылықтарға, оның ішінде судың заңсыз айналымына байланысты фактілерге жедел ден қою құқығы берілді.
Сонымен қатар су заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік күшейтілді.
Салада 42 жаңа су қоймасын салу және 37 қолданыстағы су қоймасын реконструкциялау көзделген. Соның ішінде 2024-2025 жылдары Ақтөбе, Түркістан, Батыс Қазақстан, Абай және Жетісу облыстарында бес нысан жаңартылды.
Түркістан облысында «Қарақуыс» және «Бәйдібек ата» су қоймаларының құрылысы жалғасуда. Олар 2026 жылы іске қосылған кезде қосымша 69 млн текше метр су жинауға мүмкіндік береді.
Ислам даму банкінің алғашқы қарыз траншы есебінен тағы үш су қоймасының құрылысы дайындалуда, олар – Жамбыл облысында «Ақмола», Қызылорда облысында «Қараөзек» және Батыс Қазақстан облысында «Үлкен Өзен» жобалары. Сонымен қатар Түркістан облысындағы «Көксарай» су қоймасын қайта жаңарту көзделген.
Айта кетейік, бұған дейін оңтүстік өңірлерде 103 ирригация каналын автоматтандыру басталғанын жаздық.