Қазақстанда 46 градусқа дейін аптап ыстық болады
АСТАНА. KAZINFORM – 11 шілдеде Қазақстанның 17 өңірінде ескерту жарияланды. Синоптиктер аптап ыстық, найзағай, бұршақ, жел, шаңды дауыл және жоғары өрт қаупі күтілетінін ескертті, деп хабарлайды «Қазгидромет» РМК.
Мамандардың мәліметінше, еліміздің бірқатар аймағында ауа температурасы 40 градустан жоғары көтеріледі. Ең жоғары көрсеткіш Маңғыстау облысында тіркелуі мүмкін.
– 11-17 шілде аралығында Маңғыстау облысында күндіз өте қатты ыстық күтіледі, ауа температурасы 43-46 градусқа дейін көтеріледі. Түркістан облысында 40-43 градус, Қызылорда облысында 40-43 градус, Ұлытау облысында 40-41 градусқа дейін аптап ыстық болады, – делінген хабарламада.
Ақтөбе облысында түнде батыста, солтүстікте және шығыста жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Күндіз батысы мен орталығында жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл күтіледі. Желдің екпіні 18 м/с жетеді. 11-15 шілде күндері ауа температурасы 35-39 градусқа дейін көтеріледі.
Алматы облысының таулы аудандарында өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Жел екпіні 20 м/с жетуі мүмкін. 11-15 шілдеде күндіз 35-39 градус ыстық күтіледі. 13-14 шілдеде қатты жауын-шашынға байланысты өзендерде су деңгейі көтеріліп, жекелеген аумақтарды су басу қаупі бар.
Абай облысының солтүстігінде жаңбыр, найзағай және бұршақ күтіледі. Желдің екпіні 28 м/с дейін күшейеді. 12-15 шілде аралығында күндіз 35-39 градус ыстық болады.
Ақмола облысының солтүстігі мен шығысында өткінші жаңбыр, найзағай және бұршақ болуы мүмкін. Жел екпіні 20 м/с жетеді. 11-15 шілдеде күндіз 35-39 градус, батысы мен оңтүстігінде 40 градусқа дейін қатты ыстық болжанып отыр.
Атырау облысының батысы, солтүстігі және шығысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Жел 18 м/с дейін күшейеді. 11-16 шілдеде күндіз 35-39 градус ыстық болады.
Жамбыл облысының таулы аудандарында жаңбыр мен найзағай, солтүстік-шығысында шаңды дауыл күтіледі. Жел екпіні 20 м/с жетеді. 11-14 шілдеде күндіз ауа температурасы 38-42 градусқа дейін көтеріледі.
Жетісу облысының таулы аймақтарында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Жел 20 м/с дейін күшейеді. 11-17 шілде аралығында 35-39 градус ыстық күтіледі.
Батыс Қазақстан облысында жаңбыр, найзағай, бұршақ және екпінді жел болжанады. Жел жылдамдығы 20 м/с жетеді. Күндіз 35-38 градус ыстық болады.
Қарағанды облысында жел екпіні 15 м/с дейін күшейеді. 11-15 шілде аралығында күндіз 35-39 градус ыстық сақталады.
Қостанай облысының батысы мен солтүстігінде жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл күтіледі. Жел 20 м/с дейін күшейеді. 11-15 шілдеде күндіз 35-38 градус болады.
Қызылорда облысында күндіз шаңды дауыл күтіледі. Жел екпіні 20 м/с жетеді. 11 шілдеде ауа температурасы 40-43 градусқа, 12-15 шілдеде 40-42 градусқа дейін көтеріледі.
Павлодар облысында жаңбыр мен найзағай күтіледі. Жел 20 м/с дейін күшейеді. 12-15 шілдеде күндіз 35-38 градус ыстық болады.
Солтүстік Қазақстан облысында жаңбыр, найзағай және тұман күтіледі. 12-15 шілдеде күндіз 35-39 градус ыстық болжанады.
Түркістан облысының таулы аудандарында жаңбыр мен найзағай, батысы мен солтүстігінде шаңды дауыл күтіледі. Жел 20 м/с дейін күшейеді. 11-15 шілдеде күндіз 40-43 градус ыстық болады.
Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде жаңбыр, найзағай және бұршақ болжанады. Жел екпіні 23 м/с дейін жетеді. 12-16 шілде күндері 35-38 градус ыстық болады.
Астанада 11 шілде күні ауа температурасы 35-37 градусқа дейін көтеріледі.
Алматыда 11-15 шілде аралығында 35-37 градус ыстық күтіледі.
Шымкентте ауа температурасы 40-42 градусқа жетеді.
– Аномалды ыстыққа байланысты еліміздің бірқатар өңірінде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады. Азаматтарға қауіпсіздік талаптарын сақтауға кеңес беріледі, – деп ескертті синоптиктер.