Қазақстанда 50-ден астам жол учаскесі қауіпті деп танылды
АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздің Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдай министрлігімен бірлесіп, жолдардың апат болуы мүмкін, қауіпті учаскелерін анықтау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл туралы Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров Үкіметтегі брифингіде айтты.
– Қазақстан бойынша мұндай учаскелер 50-ден асады. Барлық өңірде жұмыс жүргізіліп жатыр. Тиісті белгілер орнатылып, ҚР ІІМ, біздің тиісті қызметтер және ТЖМ тарапынан ерекше бақылау қамтамасыз етілген, – деді ол.
Спикердің айтуынша, жылдамдық режимі де реттеліп жатыр. Сонымен бірге, спикер жолдарды жаңғырту бойынша жыл сайын ауқымды шақырым қамтылатынын атап өтті.
– Биыл 13 мың шақырым жол жөнделеді. Бұл жұмыс жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр, – деді Мақсат Қалиақпаров.
Мысал ретінде ол Ақтөбе облысындағы учаскені келтірді: тиісті жұмыстар аяқталғаннан кейін бұрын қауіпті саналатын бөлікте бірде-бір жол апаты тіркелмеген.
Ал Көлік министрлігі Қарағанды – Алматы, Талдықорған – Өскемен және Ақтөбе –Атырау – Астрахань бағыттарын қоса алғанда, бірқатар жолға ақылы жүйе енгізуді жоспарлап отыр.
Бүгін Алматы - Бішкек тасжолында 6 адам жол апатынан көз жұмды.