Қазақстанда 6 миллионға жуық көлік бар: қосалқы бөлшек нарығы қалай дамып келеді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда автокөлік саны жыл сайын артып келеді. Соған сәйкес техникалық қызмет көрсетуге, жөндеуге және қосалқы бөлшектерге сұраныс та өсіп келеді.
Экономикалық зерттеулер институтының Бәсекелестік ортаны зерттеу орталығының аға сарапшысы Бейбарыс Әубәкіров бұл үрдістердің нарыққа және шағын әрі орта бизнестің дамуына қалай әсер етіп жатқанын түсіндірді.
Автопарктің ұлғаюы сервистік қызметтерге сұранысты арттырды
Соңғы деректерге сәйкес, елімізде 5,955 миллион көлік құралы тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,5% көп. Автопарктің басым бөлігін жеңіл автокөліктер құрайды, олардың үлесі – 83,9%.
Сарапшының айтуынша, жаңа автокөліктер нарығы да қарқынды өсіп келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 234,9 мың жаңа жеңіл және коммерциялық автокөлік сатылған. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 14,4% жоғары көрсеткіш. Сонымен қатар, қазақстандық автопарктің басты ерекшелігі оның едәуір ескі болуында. Жеңіл автокөліктердің 71%-дан астамы он жылдан бері пайдаланылып келеді.
Б. Әубәкіровтың сөзінше, мұндай құрылым көлік иелерінің техникалық қызмет көрсету мен жөндеу жұмыстарына тұрақты түрде жүгінуіне себеп болады.
– Соның нәтижесінде техникалық қызмет көрсету станцияларына, автокөлікті диагностикалау, шанақ жөндеу, дөңгелек қызметтері мен қосалқы бөлшектер саудасына сұраныс тұрақты түрде сақталып отыр. Бұл шағын және орта бизнес үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Өйткені автопаркті жаңарту мен оны күтіп ұстау осы салалардағы қызмет түрлерінің дамуына тікелей серпін береді, – деді Бейбарыс Әубәкіров.
2025 жылы Қазақстандағы автокөліктерге техникалық қызмет көрсету және жөндеу қызметтерінің көлемі 400 млрд теңгеге жеткен. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 36,6% көп. Өткен жылы аталған нарықтың көлемі 292,8 млрд теңгені құраған болатын.
Бір ТҚС-ке 730-дан астам көлік келеді
Елдегі көлік саны автосервис желісінің даму қарқынынан анағұрлым жылдам өсіп келеді. Соның салдарынан техникалық қызмет көрсету станцияларына жүктеме жыл сайын артып, олардың қызметіне сұраныс ұсыныстан жоғары болып отыр.
Мәселен, 2020 жылдан 2024 жылға дейін тіркелген көлік құралдарының саны 3,865 миллионнан 5,744 миллионға дейін өсіп, шамамен 49% артқан. Ал осы аралықта техникалық қызмет көрсету станцияларының (СТО) саны небәрі 19,4% көбейіп, 6 566-дан 7 842-ге жеткен. Соның нәтижесінде 2020 жылы бір станцияға орта есеппен 589 көліктен келсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 27,5% өскен.
Автосервис және автокомпоненттер саудасы саласында жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілерінің ең көбі Астана, Алматы қалаларында, сондай-ақ Алматы және Қарағанды облыстарында шоғырланған.
Б.Әубәкіровтің айтуынша, мұндай үрдіс шағын және орта бизнес үшін қосымша мүмкіндік қалыптастырады. Автопарктің ұлғаюы және нарыққа жаңа көлік брендтерінің шығуы жөндеу, диагностика, техникалық қызмет көрсету, қосалқы бөлшектер, шығыс материалдары және логистикалық қызметтерге сұранысты арттырып отыр.
– Қазақстанда бір ТҚС-ке 732 көліктен келеді. Бұл көрсеткіш Ресеймен салыстырғанда жоғары (онда бір сервиске 364 көлік), бірақ Ұлыбритания мен АҚШ-пен салыстырғанда төмен, ол елдерде тиісінше 800 және 979 көлік құрайды. Бұл Қазақстандағы ТҚС желісіне орташа жүктеме бар екенін және сервис инфрақұрылымын одан әрі дамыту әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді, – деді сарапшы.
Отандық бизнес үлесі мен импортқа тәуелділік
Сарапшының айтуынша, автопарктің кеңеюі экономикаға екіұдай әсер етеді. Бір жағынан, көлік сату көлемі өсіп, қызмет көрсету саласы дамиды, жаңа жұмыс орындары ашылып, салық түсімі артады. Екінші жағынан, автомобильдер мен олардың қосалқы бөлшектеріне импортқа тәуелділік сақталғандықтан, қосылған құнның едәуір бөлігі шетелде қалып қояды.
Сондықтан Қазақстан экономикасы үшін көлік санының артуы ғана емес, бұл салаға отандық шағын және орта бизнестің қаншалықты белсенді араласатыны да маңызды. Яғни автосервис орталықтары, қосалқы бөлшек жеткізушілер, логистикалық компаниялар және өзге де ілеспе кәсіпорындардың үлесі айрықша рөл атқарады.
Ел ішінде көлікке қатысты тауарлар мен қызметтер неғұрлым көп өндіріліп, ұсынылса, ұлттық экономика үшін соғұрлым тиімді болмақ.
– Бұл бағыт Алматы мен Қостанайдағы индустриялық аймақтар сияқты қалыптасқан автокластерлер маңында қосалқы бөлшек пен шығыс материалдары қоймаларының дамуына серпін бере алады. Ал Қытайдан келетін импорттық бөлшектер бойынша «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының логистикалық әлеуетін тиімді пайдалануға мүмкіндік бар, – дейді институттың аға сарапшысы.
Сонымен бірге, көлік санының көбеюі экономикалық артықшылықтар ғана емес, бірқатар жаңа сын-қатерлерді де алып келеді. Атап айтқанда, экологияға және қалалық инфрақұрылымға түсетін жүктемені арттырады.
Айта кетейік, Қазақстан мен Чехия ортақ автокөлік өндірісін дамытып жатыр.
Қазақстан Даму Банкі (ҚДБ) жеңілдетілген автонесие бағдарламасының қазіргі уақытта қалай жұмыс істеп жатқанын түсіндірді.